Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.04.2017

Мәжілісте жеке сот орындаушыларына туындайтын мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды


Астана, 20 сәуір, Мәжіліс үйі.

                Мәжілісте Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Мәжитұлы Әбдіровтың жетекшілігінде «Жеке сот орындаушылығы: туындайтын мәселелер және оларды шешу жолдары»  тақырыбында Комитет  отырысы болды. Оның жұмысына Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко қатысты.

Аталған Комитет төрағасы осы салада өткізілген реформалар жалпы алғанда оң нәтижелерін беріп, бүгінгі күні жеке сот атқарушылық институты қалыптасқандығын атап өтті.

««Бәрімізге белгілі, Қазақстанда жеке сот орындаушылығы институты 2010 жылдан бастап енгізілді. Жаңа заң қабылданғаннан кейін өткен 6 жылда тәжірибе жеке сот орындаушылығы институтының қалыптасқандығын көрсетті. Бұл салада жүргізілген реформалар бір қатар оң нәтижелерін беріп отыр.

 Бүгінде жеке сот орындаушыларының саны артып, мың жарым адамға жетіп қалды. Бастапқыда олардың жалпы саны 400-ге  жуық болатын. Жеке сот орындаушыларының қарауына атқарушылық құжаттардың көпшілігі өтті. Өткен жылы олардың өндірісінде екі миллионнан артық іс болған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Оның ішінде 588 іс толық көлемде орындалған. 2015 жылы өндірісте 936 мың атқарушылық құжат болып, олардың аяқталған бөлігі 35 пайызын, ал толық көлемде орындалған бөлігі 27 пайызын құраған.  

Осылайша, статистика жеке сот орындаушылар өндірісіндегі істердің көлемінің өскенін және орындалған құжаттардың да санының артқанын  көрсетіп отыр.

Алғашқы кезде жеке сот орындаушыларының қызметі үшін ақы, өндірілген соманың 10 пайызын құрайтын. Қазіргі кезде істің санатына және өндірілген сомаға қарай, сол соманың 3 пайызынан 25 пайызына дейін орындаушының ақысына жатады.

Сол себептен, қазір орындаушылар бұрын қолға алғысы жоқ ұсақ істерді өз өндірісіне алатын болды. Сонымен қатар, алимент өндіру үшін мемлекеттік бюджеттен қаржы көзделген, бұл орындалмаған істердің санын азайтты»,- деп бастады сөзін Н.Әбдіров.

Комитет төрағасы реформалар алдымен азаматтардың құқықтарын тиімді қорғау мен жүзеге асыруды қамтамасыз етуге, олардың сот әділдігіне деген сенімін сот актілерінің орындалу сапасын көтеру арқылы арттыруға бағытталған.  Сонымен қатар, жеке сот орындаушыларының ағымдағы тәжірибесін талқылау нәтижесі проблемаларды заңнама деңгейінде шешу арқылы институттың әлеуетін көтеруге болатындығын атап өтті.

Депутаттық корпусты жеке сот атқарушылығы институтының қазіргі жағдайымен Әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов таныстырды. Сондай-ақ, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы басқармасының төрағасы Сергей Ли баяндама жасады.      Өз кезегінде, депутаттар шақырылған мемлекеттік органдардың өкілдеріне осы саладағы толғағы жеткен мәселелер бойынша сұрақтар қойып, азаматтардың құқықтарын қорғауға конституциялық кепілдікті толық қамтамасыз ету үшін жеке сот орындаушыларымен көрсетілетін   қызметтердің сапасын арттыру бойынша ұсыныстарын айтты.

Отырыстың нәтижесінде Үкімет, өкілетті мемлекеттік органдар мен Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасына нақты  ұсыныстар жіберілді. 

Отырысқа Парламент депутаттары, Әділет министрлігі,  Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, қаржы, ұлттық экономика министрліктерінің жауапты қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің мүшелері, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы өкілдері қатысты.

 

 (Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі