Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
04.05.2017

Мәжіліс Төрағасы Әзербайжан елшісін қабылдады


Астана. 4 мамыр. Мәжіліс үйі. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Маммадов Рашад Эйнаддин оглыны қабылдады.

Бұл Маммадов мырзаның елшілік қызметке тағайындалғаннан кейінгі алғашқы кездесуі. Бұған дейін елші Ақтау қаласындағы Бас консулдықта  7 жылдан астам уақыт жұмыс істеген.

Тараптар атап өткендей, ағымдағы жылдың сәуір айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Әзербайжан Республикасына ресми сапары қос мемлекеттің екіжақты стратегиялық қарым-қатынасына серпін берді. Сондай-ақ, сапар барысында қабылданған екі ел Президенттерінің Бірлескен декларациясы көпжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен басымдықтарын нақтылауға жол ашты.

Н. Нығматулин атап өткендей, Әзербайжан Қазақстан үшін етене әріптес ғана емес, бауырлас ел және тату көрші. Сондықтан Қазақстан аталған елмен барлық салада ықпалдастықты нығайтуға айрықша көңіл бөледі.  

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы бауырлас елдердің өзара әріптестігін тереңдетуге ықпал ететін маңызды шараларды алға тарта келіп, екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толуын және  Қазақстанның Ислам ынтымақтастық ұйымының  ғылым мен технология жөніндегі алғашқы саммитін, сонымен бірге, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге қызу дайындық жүргізіп жатқанын баса атап өтті.

Тараптар екі елде де жүргізілген конституциялық реформалардың маңыздылығына тоқталып, одан әрі парламентаралық байланысты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады.

 

(Зәмеш Кеңесқызы – 74-63-02. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі