Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
11.05.2017

Мәжілісте халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша парламенттік тыңдау өтеді


Астана, 11 мамыр, Мәжіліс Үйі. Парламент Мәжілісінде 2017 жылғы 12 мамырда «Қазақстан Республикасында халықты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету және фармацевтика саласының  жай-күйі және дамуы туралы» тақырыбында парламенттік тыңдау өтеді.

Парламент депутаттары дәрімен қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін және осы саладағы проблемаларды шешу жолдарын талқыламақ. 

Парламенттік тыңдауға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин және Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин қатысады деп күтілуде.

Шараға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың, сондай-ақ дәрілік саясат саласындағы халықаралық сарапшы Франс Стоббелаардың (Нидерланд) тақырыптық баяндамалары тыңдалатын болады.

Сонымен бірге, Тыңдауды дайындау жөніндегі арнайы уақытша комиссияның жетекшісі, Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев баяндама жасайды.

Парламенттік тыңдауға сондай-ақ, орталық және жергілікті атқарушы органдар өкілдері, ірі фармацевтикалық кәсіпорындардың басшылары мен шетелдік сарапшылар, медицина қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысады деп жоспарланған.

Тыңдау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне Ұсыныстар әзірленеді.

Парламенттік тыңдау сағат 10:00-де Парламент Палаталарының бірлескен отырыс залында басталады.

Бірлескен отырыс залының фойесінде тақырыптық көрме ұйымдастырылған.

Тіркеу сағат 09-30-дан басталады. Журналистерді тіркеу Мәжілісте бекітілген тәртіпте жүргізіледі.

 

 

(Ақпаратты Мәжілістің Баспасөз қызметі таратты, 74-63-05)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі