Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.05.2017

Мәжілісте: Үкімет сағаты – Уран өнеркәсібінің дамуы туралы


Астана, 15 мамыр, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның жетекшілігінде  Үкімет сағаты болды. Ол «Уран өнеркәсібінің дамуы туралы» деген тақырыпта өтті.

«Уран өнеркәсібі Қазақстан экономикасының стратегиялық жағынан маңызды  әрі тұрақты даму үстіндегі салаларының бірі болып табылады. Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел ретінде белгілі. Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы Саммитінің алаңында, өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифестін жариялаған кезде атап өткендей, еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері ядролық қарусыздану мәселелері бойынша дәйекті саясат жүргізіп келеді.

Бұған Қазақстанның бастамасы бойынша  Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдағаны да дәлел.

Парламент Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы келісімді де ратификациялады»,- деп бастады отырысты вице-спикер.

Г.Исимбаева: «Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында атом саласы алдына – 2025 жылға дейін базалық өнеркәсіп салаларын технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру бойынша кешенді шаралар әзірлеу мен қабылдау, ал «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының алдына кәсіпорындар мен жекелеген қызмет бағыттарын кешенді түрде автоматтандыру жөнінде міндет қойылды.

Қазақстан уран қоры жөнінен әлемде екінші орын алып отыр. Бұл Қазақстанға  халықаралық деңгейде көшбасшы болу артықшылығын беріп қана қоймай,  оған уран қорларын ұлттық экономиканы орнықты дамыту үшін саяси тұрғыдан ойластырып және экономикалық жағынан мақсатқа лайықты түрде пайдалану бойынша  аса зор жауапкершілік жүктейді»,- деп жалғастырды сөзін.

«Соңғы бес жылда уран саласын дамыту шеңберінде еліміздің бюджетіне 219 млрд. теңгеге жуық салық пен төлемақы түскен. 

Бұл еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына және ұзақ мерзімді перспективада энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоршаған ортаға зиянды заттардың шығарылуын қысқартуға және түптеп келгенде, Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті   30 елінің қатарына кіруіне ықпал етеді.

Біз жаңа ғана Қазақстанның уран импорты мен экспорты жөніндегі ұлттық операторы – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының және уран өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін кәсіпорындардың көрмесімен танысып шықтық.

Айтулы жетістіктерін мақтан ете аламыз.

Дегенмен, осы экономика сегментінде проблемалардың туындап отырғанын да айтпау мүмкін емес, олар – елімізде мыналардың жоқтығына байланысты:

табиғи уранға деген ішкі сұраныстың жоқтығы;

реакторға дейінгі ядролық-отындық циклға әртараптандырылған өзіміздің атом өнеркәсібі кәсіпорындарымыздың жоқтығы;

атом энергиясын пайдалану саласындағы қызмет нәтижесінде пайда болған радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық инфрақұрылымның жоқтығы»,- деген төраға орынбасары баяндама жасау үшін сөзді Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа берді.  

Министр  уран өнрудің бүгінгі жағдайыына тоқталды.

«Қазақстан Республикасының аумағында уран өндірісі «Қазатомөнеркәсіп» еншілес және бірлескен кәсіпорындары арқылы жүзеге асырылады. Уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнының негізгі барланған қорлары Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында шоғырланған.

Ішкі нарықта уран өнімінің өткізілімі жоқ, Қазақстанда өндірілген уран толығымен басқа елдерге экспортталады, бірінші кезекте Қытай, Еуропа, Индия, АҚШ, Канада.

2016 жылы әлемдік табиғи уран нарығында 80% уран өнімі бес елде өндірілді, олар: Қазақстан, Австралия, Канада, Нигер және Ресей. Әлемде барлық өндірілген табиғи уранның 39% Қазақстанның үлесіне тиесілі.  

2020 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарында энергетика саласының стратегиялық мақсаттарының бірі 2020 жылға қарай тігінен интегралданған ядролық отын циклы бар компания құру болып табылады.

Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының маңызды халықаралық бастамаларының бірі жаппай қырып жою қаруын таратпау саласында Халықаралық төмен байытылған уран банкін Қазақстан аумағында орналастыру ұсынысы болды. Бұл бірегей жоба және оған әлемде балама жоқ.

Қазақстан бүгінде ядролық-энергетикалық бағдарламаны іске асыру туралы шешім қабылдады және оған қажетті инфрақұрылым белсенді жасалынып жатыр. Атом электр станциясын салу қажеттілігі туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев бірнеше рет өзінің сөздерінде айтып өткен болатын.

Уран өнеркәсібі дамуының негізгі және перспективті үрдістері осындай болды»,-деп қорытты министр сөзін.

Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский тақырыпқа қосымша баяндама жасады.

Депутаттар баяндамашыға сұрақтар қойып, өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Үкімет сағатына орталық, жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының, Үлбі металлургиялық зауытының, Қазақстан Республикасы ұлттық ядролық орталығының басшылары қатысты.

Отырыс бойынша, Үкіметке бірқатар ұсыныстар жобасы дайындалып, депутаттар айтқан ұсыныстар толық енгізілді.

(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі