Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
01.06.2017

«Ашық үкіметті» енгізу және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңды іске асыру мәселелері қаралып, талқыланды


Астана, 1 маусым.Мәжіліс Үйі.

Парламент Мәжілісінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 94,95 және 96 - қадамдарын орындау шеңберінде «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының іске асырылу барысы туралы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.  

Отырыста, ақпаратқа қол жеткізу, «Ашық үкіметті» енгізу және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңды іске асыру мәселелері қаралып, талқыланды.

Дөңгелек үстелдің жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндама жасады. Өз баяндамасында Д.Ә. Абаев Министрлік мемлекеттік органдарды және халықты техникалық және ақпараттық қолдау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

 Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары  А.Н. Кравченко Бас Прокуратурада ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етудің жай-күйі туралы хабардар етті.

Эстонияның Деректерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас директоры Вильяр Пеэп Эстонияның ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамасының сақталуын тәуелсіз қадағалау жөніндегі жұмыс нәтижелерін ұсынды.

Үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері дөңгелек үстелге қатысушыларды ақпаратқа қол жеткізу бойынша практикалық эксперимент нәтижелерімен таныстырды.

Отырыс барысында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң елімізді одан әрі демократияландыру, азаматтық қоғамды қалыптастыру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін маңызды заң болып табылатынын атап өтіп, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңды іске асыру бойынша барлық шараларды қабылдауды ұсынды.

 Отырысты қорытындылай келе, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев қаралып отырған мәселенің жан-жақты, нақты талқыланғанын атап өтті. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңды іске асыру бойынша мемлекеттік органдардың жұмысында бірқатар кемшіліктер аталып өтілді. Талқылау барысында айтылған сындарлы ескертулер мен ұсыныстарды әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға конституциялық құқығын қамтамасыз ету бойынша одан әрі жұмыс кезінде мемлекеттік органдар ескеруге тиіс.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі