Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
05.06.2017

Мәжілісте: Үкімет сағаты – Қазақстандағы ғарыш қызметінің даму барысы қалай?


Астана, 5 маусым, Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның жетекшілігінде  Үкімет сағаты болды. Ол «Қазақстан Республикасындағы ғарыш қызметінің даму барысы туралы» деген тақырыпта өтті.

«Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дәйекті қызметінің арқасында Тәуелсіздік алғаннан бастап «Байқоңыр» ғарыш айлағының инфрақұрылымы сақталып, дамуда. Осы кезең ішінде Қазақстан ғарыш қызметін дамытуда өзінің ғарыш саласын дамытып жатқан елдер үшін бірнеше онжылдықтарға тең келетін жолдан өтті. Және әлемнің 193 мемлекетінің ішінде Қазақстан ғарышкерлерін ғарыш кеңістігіне жіберген 37 ғарыш державасының қатарына  кіретіндігін атап өту қажет.

Еліміз ғарыш саласында едәуір нәтижелерге қол жеткізді. Ғарыш инфрақұрылымы ұйымдастырылып, жұмыс істеуде;                ғарыш қызметін дамытудың барлық стратегиялық бағыттары бойынша кәсіпорындар құрылды; ғарыш саласы кәсіпорындарының ғылыми және инженерлік құрамының кадр ядросы қалыптасты; қазақстандық инженерлердің жетекші еуропалық ғарыш компанияларының өндірістік алаңдарында практикалық тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру арқылы ғарыш технологияларының трансферті және басқалары жүзеге асырылуда.

2016 жылы Парламент ғарыш қызметінің мәселелері жөніндегі Заң қабылдады. Осылайша ғарыш инфрақұрылымын тиімді пайдалану, ғарыш мониторингінің және технологияларының нәтижелерін мемлекеттік басқаруға және экономиканың әртүрлі салаларына практикалық енгізу үшін құқықтық тетік құрылды.

Біз жаңа ғана Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі дайындаған көрмемен таныстық, отандық дәлдігі жоғары және жоғары технологиялы өнім әзірленімдерінің үлгілерін, жерді қашықтықтан зондтау спутниктерінің макеттерін көрдік.

Үшінші жаңғырту ғарыш саласының алдына жаңа міндеттер қоюда.

  Ең жаңа технологиялар қолданып өндірілетін қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі өніміне қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін отандық кәсіпорындардың мүмкіндіктерін барынша пайдалану жөніндегі алға қойылған міндеттерді тиімді шешу үшін өткен жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылды»,- деп бастаған вице-спикер,  Үкімет сағаты барысында саланың дамуымен, тәуелсіздік жылдары қол жеткізген нәтижелермен танысып қана қоймай, одан әрі, оның ішінде заңнамалық тұрғыдан реттеуді, шешуді  талап ететін мәселелерді қарастыратындықтарын мәлімдеді.  

 Тақырып бойынша негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов жасады.

«Елбасы «Қазақстан-2050" Стратегиясы:қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына Жолдауында 2030 жылға қарай Қазақстан ғарыш қызметтерінің әлемдік нарығындағы өз тауашасын кеңейту тиіс және Астанадағы ғарыштық аппараттар құрастыру-сынақтан өткізу кешенін, қашықтан зондтау ғарыштық жүйесін, ғарыштық мониторинг пен жердегі инфрақұрылымның ұлттық жүйесін және жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесін ерекше атап өтті»,- деп бастады министр сөзін.

«Министрлік құрылған ғарыш саласын дамыту, оның ел экономикасының басқа да салаларының дамуына үлесін арттыру, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» шеңберінде қойғанміндеттерін шешу бойынша қарқынды жұмыс жүргізуде,-деп мәлімдеген ол, «бұл жұмыс төрт негізгі бағытта жүргізіледі.

Бірінші бағыт – Қазақстан Республикасының ғарыш аппараттарының орбиталық топтастықтарының пайдаланылуын дамыту және кеңейту.

Орбитада 4 отандық спутник жұмыс ісейді. Ендігі жылдан бастап олардың қатары тағы екі спутникке артады.

Екінші. Жерді қашықтықтан зондтаудың  ғарыштық жүйесі

Жүйе жерүсті басқару кешені бар екі ЖҚЗ спутнигінен тұрады: жоғары шешімді«КazEOSat-1» және орта шешімді«КazEOSat-2». Үшінші бағыт – Ғылыми зерттеулерді дамыту және олардың нәтижелерін өндіріске енгізу. Елімізде жаңа жоғарытехнологиялы спутниктердің өндірісін жасай отырып, өз аумағымызда ірі «байқоңыр» ғарыш айлағына ие бола тұра, Қазақстан, әрине, ғарыш орбиталарына спутниктерді дербес ұшыру құралдарын жасап шығару міндетін шешуі қажет.

Сондықтан да келесі бағыт  – бұл «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану және «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыштық зымырандық кешенін құру.

«Бәйтерек» жобасы Тұжырымдаманың түйінді жобасы болып табылады.Бұл жаңа экологиялық тұрғыдан қауіпсіз ғарыштық зымыран кешенін құру жобасы. «Бәйтерек» жобасы бойынша  ресейлік түрлі зымырандар негізінде оның бірнеше нұсқалары пысықталды»,- деп таратып шықты.

Екі ел үшін де  экономикалық жағынан  барынша тиімді жаңа нұсқасы келісілді, ол жұмыс істеп тұрған «Зенит» ҒЗК мен орта кластағы перспективалық ресейлік тасымалдағыш зымыранды  пайдалануға негізделеді. Ресей тарапы жаңа зымыранды жасау үшін жауап береді (500 млн.АҚШ долл.), ал қазақстандық тарап жерүсті кешенін (245 млн.АҚШ долл.) жасауға жауапты болады.

Министр кадр әлеуеті туралы айта кеткенді жөн көрді. «Егер 1993 жылы ғарыш саласын қалыптастыруға не бары 4 маман ғана (Т.О.Әубәкіров бастаған), бүгінде салада 1400-ге жуық адам жұмыс істейді. Осы жылдар ішінде ғарыш саласы мамандарының жаңа буыны даярланып, жұмыс істейді. Білім және ғылым министрлігімен бірге Қазақстанның бес базалық жоғары оқу орнында (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті; Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті; Қ.И. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті; Алматы энергетика және байланыс институты; Азаматтық авиация академиясы), Байқоңыр қаласында орналасқан Мәскеу авиациялық институтының «Восход» филиалында және «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша мамандарды даярлау ұйымдастырылды.Қазіргі таңда дәріс алып жүргендердің жалпы саны 290 адам, олардың ішінде 173 қазақстандық студент оқиды.«Болашақ» бағдарламасы бойынша 10 студент оқиды.Мамандар даярлаудың дәстүрлі бағыттарынан басқа ФРГ, Англия, Франция және Ресей Федерациясы ғарыштық орталықтарының базасында дайындау жүргізілуде»,- деп мәлімдеді.

Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский қосымша баяндама жасады.

Үкімет сағатына орталық, жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы», «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы», «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамдарының, «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнының, «Ғарыш-Экология» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының, «Ғалам» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары да  қатысты.

Үкімет сағатын Палата Төрағасының орынбасары «Міндеттерді табысты іске асыру көп жағдайда тек ғарыш саласының дамытуға емес, тұтастай алғанда, елімізді әлеуметтік-экономикалық дамытуға да байланысты екендігін баршамыз жақсы түсінеміз. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін аз жұмыс жасап жатқан жоқ деп ойлаймын. Біздің әріптестеріміздің барлық ұсыныстары мен ескертпелері Министрліктің практикалық қызметінде ескеріліп, бүгін айтылған проблемалар өз шешімін табады деп сенеміз»,- деп қорытты.

 

(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі