Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
07.06.2017

Мәжіліс Үкіметтің 2016 жылдың бюджеттік есебін қарады


Астана, 7 маусым, Мәжіліс Үйі.

Бүгін Мәжілістің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтіп,  онда  Қазақстан  Республикасы Үкіметінің  және  Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы  республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөніндегі заң жобасын  қарады.

Мәжілісмендер талқылау барысында көптеген өзекті мәселелерге назар аударды. Бәрінен бұрын, бюджеттің орындалуы мен қаржылық тексерулердің сапасына  және жауапкершілікке баса көңіл бөлінді.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мәселе тексерудің жүргізілуінде емес, нәтижесінде: кінәлілерді жауапкершілікке тартып, келтірілген шығын көлемінің орнын толтыруда екенін атап өтті.  Сонымен бірге Төраға заң жобасын талқылау барысында: «Елбасымыз  әрқашанда әр тиынды дұрыс пайдалану және оның экономикаға жұмыс істеу керегін айтып келеді.  

Осы жолда біз, бәріміз Үкімет те, Парламент те мемлекет қаржысын дұрыс жұмсау үшін бірлесіп, аянбай жұмыс жасауымыз керек»,- деп мәлімдеді.    

Сонымен қатар бүгін, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі мен құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң  жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім  беру жинақтау жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына ҚР Парламентінің депутаттары бастамашылық жасады. Заң жобасы «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қолданылу аясына кіретін қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында әзірленген.

Заң жобасымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне және «Білім туралы», «Мемлекеттік білім беру жинақтау қоры туралы», «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.

Енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтырулар, мәселен:

- салымшылардың басым санаты бойынша ақпарат беру жөніндегі бала құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыретін айқындау арқылы басым санат бойынша (жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғандар, бірақ жиырма үш жастан аспағандар) мемлекеттің сыйақысын алу құқығын іске асыруды;

- салымшылар берешектерінің кез келген түрлері бойынша білім беру салымдары жөніндегі мемлекеттің сыйақыларын акцептісіз алып тастауға тыйым салуды енгізу арқылы мемлекеттің сыйақысы түріндегі бюджет қаражатының сақталуын қамтамасыз етуді;

- мемлекеттің алдыңғы кезеңдердегі сыйақыларының артық есепке жатқызылған фактілері анықталған жағдайда бюджетке мемлекеттің артық есептелген сыйақыларын қайтаруды;

- облыс орталықтарында және Астана мен Алматы қалаларында филиалдарының болуы бойынша МБЖЖ-ге қатысушы банктерге қойылатын талаптың күшін жою арқылы оларды кеңейтуді:

- «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заңға сай жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шартқа сәйкес банктік шоттар ашу туралы банктің уәкілетті органды хабардар ету жөніндегі міндетін жоюды;

- орта білім беру бағдарламарын іске асыратын ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды және бастауыш, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім, жоғары және  жоғары білімнен кейінгі білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін регламенттеуді көздейді.

Мүдделі министрліктер, Ұлттық Банкі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қаржыгерлер қауымдастығы өкілдерінің қатысумен жұмыс тобының сегіз отырысы, салалық Комитеттің кеңейтілген екі отырысы өткізілді.

Осылармен қатар бүгін Мәжіліс Қазақстан мен Қырғыз Үкіметтері арасындағы Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттаманы ілеспе түзетулерімен  ратификациялау туралы  заң жобаларын жұмысқа алды.

 

(Сәуле Досжанова. Т.74-63-01. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі