Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
03.11.2017

Мәжілісте Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша түзетулерді таныстырды


Астана, 3 қараша, Мәжіліс Үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі депутаттарға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын ұсынды.

Таныстырылымды Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті ұйымдастырып, өткізді.

Іс-шарада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов Заң жобасына енгізілген жаңашылдықтар туралы айтып, сұрақтарға жауап берді.

Жалпы Заң жобасын қабылдау халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны туралы заңнамасын одан әрі жетілдіру қажеттілігіне негізделген.

Заң жобасын қабылдаудың негізгі мақсаты - жұмыс орындарын құруды мониторингілеуді, жұмыспен қамту орталықтарының қызметін жетілдіруді, жұмыспен қамтудың жеке агенттіктерінің қатысуын кеңейтуді, электрондық еңбек биржасын құруды және жұмыспен қамту орталықтарының жұмыссыздар мен жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл рәсімін оңайлатуды, мемлекеттік органдардың халықтың көші-қон саласындағы функцияларын қайта бөлуді енгізе отырып, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдардың функцияларын заңнамамен бекіту болып табылады.

Өзгерістер мен толықтырулар 9 заңнамалық актіге, соның ішінде 4 кодекске және 5 заңға енгізіледі.

Жобаны әзірлеушілердің айтуынша Заң жобасында Бюджет, Кәсіпкерлік, Еңбек кодекстері, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске, «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Халықтың көші-қоны туралы», «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы», «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңдарға өзгерістер және толықтырулар енгізу көзделген.

Заң жобасында халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу құралдарын жетілдіруге қатысты бірқатар қосымша өзгерістер енгізу ұсынылады.

Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу үшін халықты жұмыспен қамту орталықтары көрсететін қызметтерді автоматтандыру саласында Мемлекеттік корпорация арқылы өтініш білдіру сияқты тәсіл көзделген.

Сонымен бірге, жұмыс іздеп жүрген адамдар мен жұмыссыздарға ақпараттық-коммуникациялық технологиялар немесе ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғылары арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді кеңейту ұсынылады.

Жұмыссыздың нақты статусын растау және әлеуметтік қамсыздандыру шараларын алу үшін адамды жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтама енгізіледі. Аталған ресми құжат жұмысынан айрылған жағдайда әлеуметтік төлемдер, атаулы әлеуметтік көмек алу, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу үшін қажет.

Студенттер мен жоғары сынып оқушылары үшін Заңда көзделген қоғамдық жұмыстарға тек жазғы демалыс уақытында ғана емес, Еңбек кодексінде рұқсат етілгендей сабақтан бос кез келген уақытта қатысу мүмкіндігін кеңейту ұсынылады.

Заң жобасында өмірлік қиын жағдайға тап болған студенттер мен жалпы білім беретін мектептің жоғары сынып оқушылары қоғамдық жұмыстарға қатысу басымдығына ие екені туралы норма толықтырылады.

Мемлекеттік қызметке, құқық қорғау органдарына, сондай-ақ Ұлттық Банкке қызметке қабылдау процедуралары жұмыссыздарды халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша аталған лауазымдарға қабылдауды іске асыруға мүмкіндік бермейтінін ескере отырып, жұмыс берушілердің бос жұмыс орындары (бос лауазымдар) туралы мәліметтерді жолдау кезінде тиісті түзетулер ұсынылады.

Сондай-ақ, жұмыс орындарының құрылуына мониторингті қамтамасыз ету мақсатында заң жобасында жұмыс орындарының құрылуына мониторингті орталық және жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ құрылған жұмыс орындары туралы мәліметтерді ұсыну тәртібі мен нысандарын бекіту бойынша халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның құзыретін белгілеу ұсынылады.

Аталған Заң жобасы бойынша жұмыс тобына жетекшілік ететін, осы комитеттің мүшесі Кәрібай Мұсырман түзетулерді одан әрі қарастыру бойынша жұмыс тобында жалғастыратын болады.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі