Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
07.11.2017

Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік функцияларды бәсекелестік ортаға беру туралы заң жобасын таныстырды


Астана, 7 қараша, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте Палата вице-спикері Владимир Божконың қатысуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.

Құжат бойынша Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов баяндама жасады.

Таныстырылымды Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов жүргізді.

Отырыста аталып өтілгендей, таныстырылып отырған заңның жобасы  Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның 97-қадамын іске асыру үшін әзірленген.

97 қадам -  өзін-өзі реттеуді дамыту және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға беру арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге  бағытталған.

Өзгерістер мен толықтырулар 7 заңнамалық актіге, соның ішінде Қазақстан Республикасының 3 кодексіне және 4 Заңға енгізіледі.

Заң жобасында:

 -экологиялық аудит саласында өзін-өзі реттеуді енгізумен байланысты Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне;

-«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне, соның ішінде экологиялық аудит туралы заңнаманы бұзу жөніндегі бапқа өзгерістер енгізу;

-«Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру бойынша негізгі тәсілдерді бекіту;

- мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы бәсекелес ортаға берілген мемлекеттік органдар функцияларының іске асырылуы бойынша нормаларды, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін бекітуге мүмкіндік беретін «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына;

-мемлекеттік органдардың функцияларын бәсекелес ортаға беру бөлігінде кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделерін білдіру және құқықтарын қорғау бойынша қосымша функцияларды бекіте отырып, «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қарастырылады.

Заң жобасын талқылауға мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен  сарапшылар қатысты.

Заң жобасы бойынша түзетулерді одан әрі қарастыру жұмысы Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Айзада Құрманова жетекшілік ететін жұмысшы топта өз жалғасын табады.

 

                (Мөлдір Мұса - 746304. Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Еркебұлан Үкібаев.) 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі