Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
09.11.2017

Мәжілісте меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша Заң жобасы таныстырылды


Астана, 9 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіровтың жетекшілік етуімен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының  таныстырылымы өтті.

Н. Әбдіров Заңның қабылдануы Конституцияның 26-бабында көзделген меншік құқығын және оның кепілдіктерін көздейтін іргелі конституциялық қағидаларды іске асыруды қамтамасыз ететіндігін және оның маңыздылығы мен қажеттілігі туралы айтты.

Жалпы Заң жобасын қабылдаудың мақсаты -  мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету сияқты меншік құқығын кеңейтуге, жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерін жетілдіру, дауды реттеудің баламалы тәртібі ретінде төрелік саласын реттейтін заңнаманы реттеу болып табылады.  

Жаңа жоба туралы баяндаған Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина «Заң жобасы Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспарды орындау мақсатында әзірленді. Заң жобасы шеңберінде 16 заңнамалық актілерге, оның ішінде 8 кодекске түзетулер енгізу қарастырылады», - деді.

Сонымен қатар, жобаны әзірлеушілердің сөзіне сүйенсек, Заң жобасы бірнеше бағыттардан тұрады. Олардың негізгілері банк заем шарттары бойынша тараптардың мүліктік құқықтарын қамтамасыз ету, мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлі түрде алып қою кезінде тең бағалау, мүлікті тәркілеу кезінде тұлғалардың мүліктік құқықтарын қорғау, сондай-ақ, меншік құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған кейбір түзетулер.

Заң жобасы мынадай мәселелерді кешенді шешуге бағытталған: кредит шарттары бойынша жекелеген мәселелерге айқындық және сенімділік беру арқылы кредитор мен қарыз алушы арасындағы мүдделер теңгерімін қамтамасыз ету, мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүлікке тең өтемақы негіздерін біріздендіру, сотталған адамның мүлкін арнайы тәркілеу институтын іске асыру мәселелері бойынша, сондай-ақ жалпы қабылданған халықаралық стандарттарға сәйкес төрелік дамытуға бағытталған шектеу шараларын болдырмау.

Осыған байланысты, заң жобасында меншік құқықтарын қорғауды күшейту және төрелік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді тұрғысынан Қазақстан Республикасының заңнамалық актілері қайта қаралуда.

Заң жобасын қабылдау құқықтық және әлеуметтік-экономикалық оң әсер әкеледі.  Меншікті сақтау режимін ұстау мен күшейтуге, дауларды реттеудің баламалы тәсілі ретінде төрелік институтын дамытуға, мемлекеттік органдар қызметінің бұдан әрі ашықтығын күшейтуге ықпал етед. Бұл мемлекеттік биліктің институттарына халықтың сенім деңгейін арттырады, сенімділік және құқықтық қорғау сезімін береді.

Жобаның таныстырылымына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері және саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Отырыста депутаттар жобаны әзірлеушілерге бірқатар сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты. 

Енді жаңа меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң  жобасы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанова жетекшілік ететін жұмыс тобында қаралатын болады. 

(74-63-01, суретті түсірген Сайлау Майлыбаев, Ақпаратты Мәжілістің Баспасөз қызметі таратты). 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі