Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.11.2017

Мәжіліс: жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды


          Астана, 10 қараша, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

           Онда депутаттар құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша түзетулерге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарайды деп күтілуде. Елбасының заң шығару бастамасы негізінде ұсынылып отырған бұл құжат еліміздің Қылмыстық-процестік кодексіне, «Жедел-іздестіру қызметі туралы» және «Прокуратура туралы» заңдарға қылмыстық сот ісін және жалпы құқық қорғау қызметін жаңғыртуға бағытталған өзгерістер енгізуді көздейді.

           Сонымен қатар осы күні  Мәжіліс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулерге арналған заң жобасын екінші оқылымда қарап,  ТМД қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялауға байланысты заң жобасын талқыға салады. 

           Ал жалпы отырыста жұмысқа қабылданатын құжаттар қатарында агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша және Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Оңтүстік-Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасына түзетулер бойынша келісім-хатты ратификациялауға бағытталған заң жобалары бар.

 

(ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі