Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.11.2017

Мәжілісте сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері туралы заң жобасы таныстырылды


Астана, 13 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Қаржы және бюджет комитетінің Төрайымы Гүлжан Қарақұсованың жетекшілік етуімен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтті.

Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов аталған Заң жобасы халық пен бизнес үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін және сапасын арттыруға, сондай-ақ, құнын төмендетуге, сақтандыру қызметтері тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын айтты.

Осы ретте жобаны әзірлеушілер Заң жобасында бірқатар негізгі жаңалықтар бар екенін жеткізді. Атап айтсақ, бірінші, Заң жобасымен онлайн-сақтандыруды енгізу. Онлайн-сақтандыруды енгізу нәтижесінде халық кеңсеге бармай-ақ немесе агентсіз сақтандыру компанияларының интернет-ресурстары арқылы сақтандыру шарттарын жасауға мүмкіндік алады. Онлайн-сақтандыру халық пен бизнес үшін географиялық қолжетімділікті қамтамасыз етеді және сақтандыру қызметтерінің құнын төмендетуге жағдай жасайды.

Екіншіден, онлайн сақтандырудың негізгі элементі сақтандыру шарттары бойынша Бірыңғай сақтандыру дерекқоры болады. Бұл халыққа «жеке кабинет» арқылы өзінің сақтандыру шарттарына тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Үшінші. Қазақстандық туристерді қорғау мақсатында заң жобасында шет елге шығатын туристің өзінің мүліктік мүдделерін міндетті сақтандыруға өту көзделеді.

Бұдан басқа да, міндеттелген сақтандыруды енгізу, сақтандыру омбудсманы институты 2008 жылдан бастап жұмыс істеу және басқа да мәселелер қаралды.

Заң жобасында 3 кодекске және 19 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

Енді жаңа сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасы Комитет мүшесі  - Сергей Симонов жетекшілік ететін жұмыс тобында қаралатын болады. 

(74-63-01, Мәжілістің Баспасөз қызметі).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі