Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.11.2017

Мәжіліс құқық қорғау органдарының қызметін жаңғырту туралы Президенттің түзетулерін қолдады


Астана, 15 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінде Палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мақұлданды.  

Елбасының заң шығару бастамасы негізінде ұсынылған құжат еліміздің Қылмыстық-процестік кодексіне, «Жедел-іздестіру қызметі туралы» және «Прокуратура туралы» заңдарға қылмыстық сот ісін және жалпы құқық қорғау қызметін жаңғыртуға бағытталған өзгерістер енгізуді көздейді.

Осы Кодексте адамды соттың санкциясынсыз 72 сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға жол беру тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, адам соттың санкциясынсыз 48 сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмаған адам - 24 сағаттан аспайтын мерзімге ұсталуға ұшырауы мүмкін. 

Жалпы, бекітілген түзетулер азаматтардың қылмыстық процесте қорғалу деңгейін арттыруға және процестің қуғын-сүргіндік сипатын төмендетуді көздейді. Қылмыстық істерді тергеу тәртібін жеңілдету ұсынылады. Адвокаттардың процестік мүмкіндіктерін кеңейту есебінен қылмыстық процесте жарыспалылықты арттыруға және сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауын одан әрі кеңейтуге бағытталған. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің қайталануын болғызбауға және оларды нақты бөлуге бағытталған.

Отырыста Палата  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Заңының жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасын қарау барысында екінші оқылымда әкімшілік құқық бұзушылықтың маңызы болмашы институтын қайтаруға қатысты; әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері; әкімшілік жазаның бір түрі ретінде ескерту жасау институты; айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманың тиісінше жеткізілуі; қамаққа алуға жатпайтын адамдарды әкімшілік ұстап алу; бизнеске әкімшілік қысымды азайту бойынша мәселелерге қатысты ұсыныстар енгізілді.

Сонымен қатар, депутаттардың пікірінше, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін нашарлатуға әкеп соғатын нормалар заң жобасынан алып тасталды.

Жалпы отырыста депутаттар ТМД қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды  қайтаруды қамтамасыз етудегі  ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялауды мақұлдады.

Заң жобасының негізгі мақсаты - автокөлік құралдарын жымқырумен байланысты қылмыстардың алдын алуда, анықтауда, жолын кесуде, ашу мен тергеп-тексеруде, іздестіруде және оларды қайтаруды қамтамасыз етуде ТМД елдерінің өзара іс-қимылы мәселелерін реттеу болып табылады.

Келісім «Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұза отырып, кедендік баждар, салықтар мен алымдар төленбей, Қазақстан Республикасының кеден аумағына бұрын әкелінген автокөлік құралдары Қазақстан Республикасына қайтарылған жағдайда, Қазақстан Республикасы өзін Келісімнің 13-бабы 1-тармағының ережесімен байланысты деп есептемейді» деген ескертпемен ратификациялауға жатады.

Сондай-ақ, бүгінгі отырыста Мәжілістің бейінді комитеттеріне қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгілеу үшін   агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша Заң жобасын және Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Оңтүстік-Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасына түзетулер бойынша келісім-хатты ратификациялауға бағытталған заң жобасын жұмысқа алды.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. ОларШ.Хахазов, К.Абсатиров, К.Каракен, Б.Дүйсембинов, К.Мұсырман, Т.Сыздықов, Ж.Дүйсебаев, Р.Ким, А.Перуашев, И.Смирнова, Д.Еспаева.    

 

(74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жасұлан Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі