Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.11.2017

Мәжілісте Кедендік реттеу туралы Кодекс жобасымен қоса бірқатар Заң жобалары мақұлданды


Астана, 22 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бірқатар заң жобаларын мақұлдады.

Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің жобасы екінші оқылымда ілеспе түзетулерімен қаралып, депутаттар тарапынан қолдауға ие болды.

Бұл Кодекстің жобасы сыртқы экономикалық қызметке қатысушыға тауарларды кедендік декларациялау кезінде кедендік баждарды төлеуді кейінге қалдыруды немесе бөліп төлеуді ұсыну және алдын ала ақпарат берілуі мүмкін кедендік операциялардың түрлерін кеңейту бөлігінде заңнаманы жетілдіруді көздейді.

Осы жобаға қатысты Мәжіліс төрағасы Н. Нығматулин:

-               Елбасымыздың Ұлт Жоспарындағы тапсырмасына сәйкес,  кедендік реттеу жұмыстары жаңа талапқа сай әзірленді. Соның нәтижесінде, экспорттық және импорттық  кеден рәсімдерін реттеу үшін  барлық жағдай жасалынды. Бұл әрине еліміздің экономикасын көтеруге, оның ішінде, біздің  кәсіпорындарға да тиімді жұмыс істеуге жол ашатын болады, - деді. 

Сонымен қатар, бүгінгі отырыста бұқаралық ақпарат құралдары, телерадио хабарларын тарату, ақпараттандыру және байланыс, ақпараттық қауіпсіздік саласында қоғамдық қатынастардың құқықтық реттелуін қамтамасыз етуге бағытталған ақпарат және коммуникациялар мәселелеріне қатысты Заңның жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Жоба бойынша 6 кодекске және 16 заңға түзетулер енгізу көзделген. Осы Заң жобасын қарау барысында Атырау облысында дөңгелек стол, бұдан басқа халықаралық сарапшылармен кездесулер, мүдделі органдар, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының он төрт отырысы және Мәжілістің салалық Комитетінің екі кеңейтілген отырысы өткізілген болатын.

Мәжілістің жалпы отырысында кейбір конституциялық заңдарға түзетулер енгізуге қатысты заң жобасын талқылау  барысында республикалық бюджет қаржыларын қатаң бақылау жағдайы да  сөз етілді. 

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкіліне қарата: - ешкімде әсіресе, АХҚО орталығы басшылығында орталықтың өз бетінше қызмет етуіне мүмкіндік беру, мемлекеттен бөлінген қаржыны бақылау жауапкершілігінен босатады деген ой болмауға тиіс. Орталыққа бөлінген қаржының мақсатты пайдалануы үнемі Есеп комитетінің бақылауында, - деді.

Сондай-ақ, отырыста Қазақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму  Банкi арасындағы Қарыз туралы келісім-хатты ратификациялау туралы Заңының жобасы мақұлданды. Оңтүстік-Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасы: Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізіне қатысты енгізілетін түзетулер  «Күрті – Бурылбайтал» (85км) және «Ұзынағаш – Отар» (96 км) жолының қосымша учаскелерін қосуды көздейді.

«Күрті – Бурылбайтал» және «Ұзынағаш – Отар» жолының учаскелерін реконструкциялау көлік жүйесінің тиімді автожол инфрақұрылымын құру мүмкіндігін қамтамасыз етеді және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады.

Аталған жобаларды іске асыру Инфрақұрылымды  дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында көзделген.

Сонымен қоса, отырыста Қазақстан Үкіметінің Грузия Үкіметіне берген мемлекеттік кредиттерін қайта құрылымдауға қатысты ратификациялық заң жобасы мақұлданды.

Басқа елдердің Қазақстанға қайтаруға тиіс берешектерін уақытында реттеу керектігіне назар аударған Мәжіліс төрағасы қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа: «грузиндік әріптестермен қарыз мәселесінің реттелгені жақсы, дегенмен, бұл босаңсуға себеп болмауы керек. Өйткені, басқа елдермен қарыздар бойынша әлі реттелмеген сұрақтар бар»,-деді. Сондай-ақ,  қайтарылған қаржылар бюджет қоржынын толтыру керектігін айта келіп, - қарызды бергеннен кейін, уақытында қайтара білу керек,- екенін ескертті Палата спикері.

Жалпы отырыс соңында бірқатар халық қалаулылары мемлекеттік органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар А. Нұркина, З. Бәлиева, М. Қазбекова, Е. Барлыбаев, А. Платонов.   

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі