Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
24.11.2017

Мәжілісте елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған парламенттік тыңдау өтті


Астана, 24 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Астанада Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен «Қазақстан Республикасының елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті.

Парламенттік тыңдауда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының және стратегиялық мақсаттарының арқасында Қазақстанның жоғары табыстарға жетіп, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту туралы айтылды.

Осы ретте Елбасы атап өткен су жағдайына Нұрлан Нығматулин айрықша назар аударды.

- Ауызсу мәселесін шешуге мемлекеттен жыл сайын керек қаржы    бөлініп отыр. Ендігі мәселе оны тиімді пайдалану. Ал, ол үшін барлық жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, суды пайдаланудың жаңа технологияларын енгізу қажет. Осыған орай  жер асты суларын пайдалануға қатысты нақты жоспар жасап, ауылдарда жаңа су құрылыстарын  қолға алу керек. Осының барлығы ауызсу мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді,-деді.

Сонымен бірге, Мәжіліс Төрағасы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуде орын алып отырған олқылықтарға тоқталды. Ол, су құрылғылары нысандарын орнатуда бірізділіктің, сондай-ақ, елді мекендерде су инфрақұрылымдарын тартуда бірыңғай оператордың жоқтығын атап өтті.

Парламенттік тыңдау барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Мәжіліс депутаты Сәкен Өтебаев, Азия Даму Банкінің Қазақстандағы Тұрақты өкілдігінің директоры Джованни Капаннелли,  Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой, «Қазақ суарнажоба» АҚ вице-президенті Берік Балкенов және тағы басқа да орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен осы саладағы сарапшылар сөз сөйлеп, халықты сапалы ауызсумен одан әрі қамтамасыз етудің проблемалары мен оны шешудің жолдарын талқылады.

         Жалпы алғанда, жинақталған деректер бойынша халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтаумен жалпы қамтамасыз етілуі республикада 87,5% немесе 15 744 482 адамды құрайды. Қамтамасыз етілудің ең төмен көрсеткіші Жамбыл (70,8%), Павлодар (72,5%), Маңғыстау (73,8%) облыстарында байқалып отыр.

Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендерде орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізудің төмен деңгейі Павлодар (20,5%), Қостанай (30,5%), Батыс Қазақстан (37,4%) облыстарында екенін байқауға болады.

  Сонымен қатар, тыңдауда Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Н. Сабильянов Қазақстанның әрбір тұрғынын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс істеу керектігін және депутаттар өз тарапынан ауызсуға байланысты мәселелердің шешілуін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге жан-жақты қолдау көрсететінін айта келе, ауыз су мәселесіне қатысты бірқатар мәселелерге назар аударды.

2017 жылғы 1 шілдеге дейінгі ресми деректерге сәйкес, елімізде 2 930 ауылдық елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықталмаған. Соның ішінде, халқының саны 200 адамнан аз ауылдар саны - 1 326  (45 %).  Әрбір үйдің, әрбір тұрғынның сапалы ауызсу алу мүмкіндігі болуы үшін осындай ауылдарда су беретін кемінде 2 су жинау ұңғымасын орнату оңтайлы болар еді. Немесе топтық су құбыры ауылдың жанымен өтетін болса, онда соған қосу керек, – деді Н. Сабильянов.

Қазақстанның су ресурстары басқа көптеген елдермен салыстырғанда шектеулі екендігін, сонымен қоса аймақтарлағы су тапшылығы бар екенін атап өткен Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек:

- 2011 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта еліміз бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділік елдімекендерде 42,5%-дан 55,6%-ға дейін және қалаларда 82%-дан 92,9%-ға дейін артты. Орташа өсім тиісінше жылына 1,8% және 1,5%-ды құрайды. Республика бойынша көрсеткіштердің өсуіне қарамастан артта қалып келе жатқан өңірлер де бар. Қала тұрғындарын сумен қамтамасыз етудің төмен көрсеткіші Жамбыл (82,9%), Ақмола (84,6%), Павлодар (84,8%) және Қарағанды облыстарында (86,6%) тіркелген, - деді.

Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылағаннан кейін Парламенттік тыңдау қорытындысы бойынша тиісті Ұсынымдар қабылданды.

(Мәжілістің Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі