27.12.2017

Н.Нығматулин: 2017 жыл Елбасының тағы бір тарихи жеңісті жылы


Астана, 27 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің Төрағасы Н. Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің осы жылдағы соңғы жалпы отырысы өтті.

Депутаттардың жұмысын қорытындылаған Палата Спикері жылдың негізгі оқиғаларына назар аударды.

2017 жыл Елбасының тағы бір тарихи жеңісті жылы және үлкен өзгерістер кезеңі ретінде қазақстандықтардың жадында қалатын болады. Осы жылы Елбасы шын мәнінде теңдесі жоқ конституциялық реформа жасау арқылы саяси жаңғырту процесінің бастамашысы болды. Біз осы реформаны жүзеге асыруға бағытталған Заңды қабылдадық. Сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болуы, Астанада ЭКСПО-2017 әлемдік көрмесін өткізу, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Ислам Ынтымақтастық Ұйымының саммиттерінің өтуі, Сириялық жанжалды бейбіт реттеу жөніндегі процесінің Астанада өтуі Елбасының зор халықаралық беделінің көрсеткіші» - деді, Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс Спикерінің айтуы бойынша, осының барлығы 2017 жылғы есте қалатын және еліміздің тарихында сақталатын ерекше оқиғалар екені сөзсіз.

Палата Төрағасы атап өткендей, Мәжіліс қызметі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ағымдағы сессияның ашылуында жүктеген міндеттерін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталды.

Сессия басында 80 заң жобасы жұмысқа қабылданып, оның 42-сі қаралып, мақұлданған. Оның ішінде 12 заң жобасына депутаттар өздері бастамашы болған. Парламент қабылдаған 27 заңға бүгінде Мемлекет басшысының қол қойылып, өз күшіне енді.

Сонымен қоса, бүгінгі отырыста депутаттар бастамашы болған балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда қаралды.

Заң жобасы балалардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, олардың әртүрлі жас топтарына арналған ақпараттық өнімнің мазмұнына қойылатын өлшемшарттарды бекітуді көздейді. Барлығы жас санаты белгісі берілетін балаларға арналған ақпараттық өнімнің 6 санаты көзделеді. Заң жобасында ақпараттық өнімге жас санаты белгісін түсіруге, жалпыға ортақ пайдаланылатын ақпараттық-телекоммуникациялық желілер (оның ішінде Интернет) пайдаланыла отырып таратылатын ақпаратқа балалардың қол жеткізуін шектеудің әкімшілік, техникалық, бағдарламалық құралдарын немесе өзге де тәсілдерін пайдалануға қатысты балаларға арналған ақпараттық өнімді таратуға қойылатын арнайы талаптар енгізіледі.

Сондай-ақ, отырыста Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшыру кезінде тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы ретінде Қазақстан Республикасының аумағындағы жер учаскесін беру және пайдалану шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасымен жұмысты жалғастыруды қарады.

Осылармен қатар бүгін Мәжіліс Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң заң жобасын жұмысқа алып, бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгіледі.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар А.Перуашев, В.Косарев, З.Бәлиева.

(74-63-01, Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі