Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
09.01.2018

Депутаттар дуалды оқыту жүйесінің орындалу барысын қарады


                Астана, 9 қаңтар, Мәжіліс үйі. Еліміздегі дуалды оқыту жүйесі туралы Атырау облысында Мәжіліс депутаттары Бақытгүл Хаменова, Ирина Унжакова мен Білім және Ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова қатысқан келелі жиында айтылды.  

                Отырыс барысында 65 колледждің өкілдері «Білім туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты ұсыныстарын айтып, өңірлерде құзіреттілік орталықтарын ашу жайын талқылады. Аталған Заң 2018 жылдың маусым айында қабылданады деп жоспарлануда.   

    Заңнамалық құжаттың басты өзегі Елбасының Қазақстан халқына жолдауында айтылған дуалды, техникалық және кәсіптік білім беруді жүзеге асыру. Бүгінде еліміздегі арнаулы оқу орындары модульдік түрде түлектерге тегін кәсіптік-техникалық білім беруді бастап кетті. Сондықтан Заң жобасында осы саладағы құқықтық қайшылықтарды жою басты мәселе болып отыр. Оған сай түлектерді қабылдау ,оларды бағалау, тіпті жастарға берілетін диплом үлгісі де нормативтік-құқықтық актілер негізінде ескерілмек. Бұдан бөлек , құжатта дуалды оқыту жүйесін жандандыру көзделген.

- Бүгінгі таңда республика бойынша 7 пайыз ғана оқушы дуалды оқыту жүйесімен қамтылып отыр. Оны ары қарай жандандыру керек –деді, депутат Бақытгүл Хаменова.

Жиынға қатысқан колледж басшылары жаппай тегін-кәсіптік техникалық білім беру жобасына қатысты ойларын ортаға салды. Мәселен, Алматы облыстық қызмет көрсету және тамақтану саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің директоры Болат Еркенов өндірістік пәндерді жетілдіріп, осы арқылы сауда нарығына бәсекеге қабілетті өнім шығару қажет деп есептейді.

-                 Әрбір өніміміз шығаратын нарыққа пайда болып келіп жатса, сол пайданың арқасында біз қосымша жалақы қоса аламыз.  Сондықтан, мұғалімдерге, оқушылардың білім алуына қосымша қажетті зат алып беріп, техникалық қажеттіліктерімізді өтей аламыз. Сонда ғана біз еуропалық стандарттарға сай маман дайындаймыз, – дейді колледж директоры.

                Техникалық-кәсіптік және қызмет көрсету саласында білікті кадрларларды даярлау елдің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл саладағы кемшін тұстарды зерделеп, заң жүзінде бекіту маңызды.

Жиында депутаттар тарапынан колледждердің ұйымдастырушылық-құқықтық формасын өзгерту, жұмыс берушілер талабына сай сертификаттар беру, теxникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына көптеп гранттар беру ұсынылып, қолдау тапты.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01, сурет пен ақпаратты «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы ұсынған)


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі