Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.01.2018

Елбасы Жолдауы Н. Нығматулиннің финляндиялық әріптестерімен кездесуінде әңгіме өзегіне айналды.


Астана, 15 қаңтар, Мәжіліс үйі.  Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин Финляндия Республикасы Парламентінің депутаты – Финляндия – Орталық Азия достық тобының тең төрағасы В. Скиннари бастаған делегация өкілдерімен кездесті.

Тараптар қазақстандық-финдік қатынастың өзекті мәселелерін алға тарта келіп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауына айрықша назар аударды. Елбасы өз Жолдауында мемлекет алдында тұрған он басым бағытқа тоқталғанын атап өткен Палата Төрағасы әсіресе, жаңа технологияларды енгізу, цифрландыру мәселесіне барынша көңіл бөлді.

Н. Нығматулин финляндиялық әріптестерімен аталған саланы заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жайын талқылады. Өйткені, Финляндия инновациялық даму тұрғысынан алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Сондықтан олардың заңнамалық тәжірибесі қызығушылық тудырады. Мәжіліс Спикері атап өткендей, осы ретте ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтардың рөлі зор.

Өз кезегінде мәртебелі мейман Қазақстан Президенті Жолдауының маңыздылығын айта келіп, инновация, цифрландыру салаларындағы  ортақ мақсаттарға түйістіретін басым бағыттарға тоқталды. 

Кездесу иелері қос мемлекет ынтымақтастығының стратегиялық сипатына мән беріп, екіжақты қарым-қатынастың сындарлы дамуына сенім білдірді.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі