Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
15.01.2018

Депутаттар еліміздегі сот-сараптама қызметі туралы ұсынымдар қабылдады


Астана, 15 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте вице-спикер Владимир Божконың төрағалық етуімен Үкіметтік сағат өтті. Онда Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаев «Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі мәселелері туралы» баяндама жасады.

Шара барысында В. Божко Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына жолдаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы арқылы әлемде болып жатқан динамикалық және терең технологиялық, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді есепке ала отырып, алдағы жылдағы дамуымыздың басымдықтарын айқындайтындығын тоқталып, еліміздегі сот-сараптама қызметінің мәселелеріне тоқталды.

Өз кезегінде Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Төрағасы Нұрлан Әбдіров:

- Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап Қазақстанда ұлттық сараптама қызметін реформалау бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Реформалар кезең-кезеңімен жүргізіліп, сот-сараптама қызметі туралы жаңа заңның қабылдануын қоса алғанда, заңнама едәуір жаңартылды. Әділет министрлігі аясында түрлі бағыттағы сарапшыларды бір Орталыққа біріктірген сараптамалық органдар жүйесі құрылды. Болашақта мемлекеттік сараптамаға айтарлықтай балама болуға тиіс жеке сот сарапшылары алғашқы қадамдарын жасады, – деп дереу шешімді қажет ететін негізгі мәселелерге тоқталды.

Қазақстан Республикасының Әділет министрі  Марат Бекетаев сот-сараптамасы саласындағы бірқатар қиындықтарға тоқталды. Сараптама қорытындысын ұзақ күтуге тура келеді. Сонымен қатар олардың сапасы төмен күйде. Бұл жерде әдеттен тыс жағдай қалыптасады. Сарапшылардың қорытындыларында жиі қарама-қайшы тұжырымдар болады. Қазақстанның тәжірибесінде сараптама нәтижелері анықтылық енгізудің орнына қоғамда теріс резонанс тудырған жағдайлар болған. Сараптама істі анықтауға және әділ шешім қабылдауға көмектесуі тиіс, – деді министр.  

Сондай-ақ, Министр өз сөзінде  сараптама қызметіндегі сыбайлас жемқорлықтың жоғары қаупі жағдайды қиындата түсетінін, өзінің жеке пайдасы үшін сарапшы пікіріне әсер етуді қалайтындар әрдайым болатынын айтып:

Сараптама жүйесінің дағдарысының себептері, бір қарағанда, анық сияқты. Бұл – төмен еңбек ақы, әлсіз инфрақұрылым, біліктіліктің төмендігі, кәсіби кадрлардың кетуі. Мәселені шешу үшін жиі тек қаржыландыруды ұлғайту жолы таңдалады. Алайда, егер орынды жұмыс істейтін модель болмаса, кез келген қосымша ақша қаражаттары тиімді болмайды. Осыған байланысты, Әділет министрлігі сот-сараптама қызметінің моделін өзгерту туралы күрделі шешім қабылдағанын жеткізді.

Үкімет сағаты аясында басқа да сот-сараптама қызметі туралы мәселелер талқыланып, депутаттар тарапынан Ұсыным қабылданды.

Сондай-ақ, «Үкімет сағаты» аясында Мемлекеттік қызметтерді көрсету туралы Мәжілісте көрме ұйымдастырылды.

 

(74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі