Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
16.01.2018

Ұлттық экономика министрлігі Мәжіліске кәсіпкерлік қызметті жетілдіру туралы Заң жобасын таныстырды


Астана, 16 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Вице-спикер Владимир Божконың қатысуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының таныстырылымы өтті.

Отырысқа Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Меруерт Қазбекова жетекшілік етті.

Аталған Заң жобасы туралы Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин баяндама жасап, Мемлекет басшысының бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту мақсатында берілген тапсырмаларына тоқталды.

Жалпы заң жобасын қабылдау Қазақстанның Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісіндегі позициясын жақсартуға, бақылау жүктемесін және бизнестің өндірістік емес шығындарын ауқымды қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға, елде бизнес-климатты жақсартуға және жаппай кәсіпкерліктің дамуын ынталандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заң жобасын әзірлеушілердің айтуынша, бизнес саласындағы әкімшілік тосқауылдарды жою және кәсіпкерліктің дамуын ынталандыру бойынша жүргізіліп жатқан саясатты ескере отырып, мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін реформалау, ақпараттық құралдарды реттеу, табиғи монополиялар субъектілері және квазиқызметтік сектор көрсететін міндетті қызметтерді реформалау, баға мен тарифтік сөзбайласуларды анықтау және жолын кесу тетігін жетілдіру сияқты басқа да бағыттар бойынша әзірленген. Жалпы Заң жобасында 13 кодекс пен 100 заңға 1000-ға жуық түзету көзделген.

Сондай-ақ, бизнестің шығындарын қысқарту мақсатында жекелеген алымдардың ставкаларын азайту ұсынылады. Бұл мемлекеттік табыстардың қысқаруына әкеп соқтырады.

Заң жобасын талқылауға мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен сарапшылары қатысты.

Енді кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы Заң жобасы депутат Сәкен Өтебаев жетекшілік ететін жұмыс тобында қаралатын болады. 

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01, суретті түсірген Жаслан Құспанов). 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі