Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
18.01.2018

«Нұр Отан» партиясының фракциясы Елбасы Жолдауын іске асырудың жоспарын қабылдады


Астана, 18 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Г.Исимбаеваның төрағалық етуімен Парламенттегі «Нұр Отан» Фракциясының жиналысы өтті.  

Тақырыбы - Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шаралары туралы.

-        Елбасының Жолдауы қоғамның экономикалық, саяси, рухани саласын жаңғыртудың кешенді бағдарламасы. Бұл дамыған 30 елдің қатарына кірудің алғашқы қадамы. Жолдауды іске асыруда депутаттар – «Нұр Отан» партиясы Фракциясының мүшелері тікелей белсенді қатысады – деді, Г. Исимбаева.

                Отырыста депутаттар М.Пішембаев, А.Жамалов, Ә. Бектұрғанов, З.Аманжолова Жолдаудағы индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы, «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту, қаржы секторын «қайта жаңғырту», негізгі медициналық қызмет көрсетуді цифрландыру бағыттарындағы мәселелерге жан-жақты тоқталды.

                Өз кезегінде депутат М. Пішембаев: «Жолдауда белгіленген он бағыттың біріншісі, жаңа технологияларды ендірудің флагманы индустрияландыру екендігін атап өтіп, экономиканың негізгі техникалық қайта құрудың драйвері болып саналатын машина жасауды дамыту мәселелері бойынша парламенттік тыңдау өткізуді ұсынды.

                Депутат С. Омаров болса ауыл шаруашылығын қайта өңдеу, сақтау және логистика  өндірістеріне IT-технологиясы саласына ерекше көңіл бөлсе, депутат А.М.Жамалов Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын Қаржы ұйымдарын және қаржы нарығын реттеу мен бақылау жөніндегі агенттік құруға бастамашылық жасауды ұсынды.

                Ал, депутат Ә. Бектұрғанов бюджет саласындағы еңбекақы төлеу механизмдерін қайта қарау қажеттілігіне тоқталды.

                Депутат З.Аманжолова тегін кепілді медициналық көмек көрсетудің жаңа моделін қалыптастыру және жоғары білікті медицина мамаандарын даярлау қажеттіліктеріне көңіл бөлді.  

«Нұр Отан» партиясы Фракциясының мүшелері Мемлекет басшысының кезекті Жолдауы халықтың әл-ауқатын жақсартудағы маңызды рөліне тоқталып, Жолдауды бірауыздан қолдады.

Фракция қазақстандықтарды жылдың басты саяси құжатын талқылауға және түсіндіруге белсенді қатысуға шақырды.

Жиналыста Жолдауды іске асыру жөніндегі Фракцияның іс-шаралар жоспары бекітілді. Онда Жолдаудың негізгі қағидаларын заңнамалық тұрғыдан бекіту, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және Жолдауда белгіленген міндеттерді нақты іске асыру жөнінде Фракцияның, Фракция жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың  іс-шаралары қарастырылған.

                Жиналыстың қорытындысы бойынша Фракция қаулысы қабылданды.

                Жиналыс жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы                       Қ. Жұмашев, Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі өкілдігінің басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 

(Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі – 746301. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі