Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
01.02.2018

Мәжілісте «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасы таныстырылды


                Астана, 1 ақпан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұйымдастыруымен  екі жаңа заң жобаның таныстырылымы өтті.

                Олар «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» және «Қазақстан Республикасының  кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және аэроғарыш қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары.

Таныстырылымға Палата вице-спикері Владимир Божко, қорғаныс өнеркәсібі және аэроғарыш кешені кәсіпорындары басшылары, мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың өкілдері және сарапшылар қатысты.

Отырысты ашқан Мәжілістегі бейінді комитет төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылғы 4 қыркүйекте Парламенттің VI сайланымының үшінші сессиясының ашылуында берген тапсырмасын орындау үшін әзірленген және қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы қоғамдық қатынастарды жетілдіруге бағытталған заң жобаларының өзектілігін атап өтті.

Өз кезегінде Қорғаныс және аэроғарыш  өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов депутаттар алдында заң жобаларының негізгі ережелері туралы баяндама жасады.

Министр «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заң жобасының мақсаты қорғаныс өнеркәсібі саласында қалыптасатын құқықтық қатынастарды реттеу болып табылады деп атап өтті. Сондай-ақ, Заң жобасын әзірлеушілер тұжырымдамалық өзгерістерге тоқталып, заң жобасында Үкіметтің, уәкілетті органның, мемлекеттік органдардың және қорғаныс өнеркәсібі кешені ұйымдарының қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы құзыреті айқындалатынын атап өтті.

Бұдан басқа, қорғаныс өнеркәсібі кешеніне кіретін субъектілердің тобын белгілеу ұсынылады. Оларға қатысты мемлекеттік қолдау шараларын қолдануға болады.

Сонымен қатар, отандық ғылыми-техникалық әзірленімдерді қаржылай қолдау және қорғаныс кәсіпорындарын жаңғырту мақсатында Қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту қорын құру мүмкіндігі көзделеді.

Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау тетігін өзгерту ұсынылады. Атап айтсақ: 

- Қорғаныс министрлігінің қорғаныстық тапсырыс бюджетін ҚАӨМ-ге беру және ҚАӨМ-ні ҚР Қарулы Күштерінің мұқтаждары үшін өнім беру жөніндегі негізгі тапсырысшы деп айқындау;

- материалдық құндылықтарды мемлекеттік материалдық резервтен жаңарту тәртібімен қорғаныстық тапсырысты алушыларға (мемлекеттік органдарға) беру;

- қорғаныстық тапсырысты алушылардың (күш ведомстволардың) және қорғаныстық тапсырысты орындаушылардың (қорғаныс өнеркәсібі кешені ұйымдарының және «Қазарнаулыэкспорт» РМК) құқықтары мен міндеттерін, әскери өкілдіктердің міндеттері мен функцияларын бекіту;

- шарттың талаптарын, оған өзгерістер енгізу негіздерін белгілеу;

- мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың құрамын кеңейту (оған мемлекеттік материалдық резерв, ғарыш жүйелері үшін әскери және екіұдай мақсаттағы тауарларды шығаруды, беруді, жаңғыртуды енгізу арқылы).

Сол сияқты әскери-техникалық ынтымақтастықты құқықтық реттеу, сондай-ақ, әскери-техникалық ынтымақтастық салалары мен нысандарын және оның субъектілерін айқындау жөніндегі нормалар енгізіледі.  

Баяндамадан кейін Қорғаныс және аэроғарыш  өнеркәсібі министрі Б. Атамқұлов және мемлекеттік органдардың өкілдері депутаттардың сұрақтары мен ұсыныстарына түсініктемелер берді.

Заң жобасы одан әрі Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Ержан Құдайберген жетекшілік ететін жұмыс тобында қаралатын болады.

 

(Мөлдір Мұса - 74-63-04. Суретті түсірген – Аманқұл Дүйсенбаев. Ақпаратты Мәжілістің Баспасөз қызметі таратты.)

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі