Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
01.02.2018

Мемлекеттік статистика туралы Мәжілістегі таныстырылым


Астана, 1 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің басшысы Нұртай Сабильяновтың төрағалық етуімен мемлекеттік статистика мәселелері туралы Үкіметтік Заң жобасының таныстырылымы өтті.

Заң жобасына енгізілген   өзгерістер мен толықтырулар туралы  Ұлттық экономика министрлігінің бірінші вице-министрі Руслан Дәленов баяндады.

Заң жобасын дайындау кезінде Германия, Финляндия, Оңтүстік Корея, Австрия, Италия және т.б. сияқты дамыған елдердің тәжірибесі зерделенген. Сондай-ақ, Заң жобасы Ресми статистика туралы еуропалық модельдік заң ережелерінің негізінде дайындалған.

- Халықаралық практиканы, халықаралық стандарттар мен қағидаттарды ескере отырып, институционалдық деңгейде статистикалық процестердің және өнімдердің сапасын қамтамасыз ету Заң жобасын дайындаудың негізгі мақсаты болып табылады – деді, вице-министр Р. Дәленов.

Жалпы Заң жобасы халықаралық практиканы, халықаралық стандарттар мен қағидаттарды ескеріп, институционалдық деңгейде статистикалық процестер мен өнімдердің сапасын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мынадай тұжырымдамалық міндеттерді шешуге бағытталған. Атап айтсақ, мемлекеттік статистика саласындағы олқылықтарды жою және құқықтық реттеуді жетілдіру; мемлекеттік статистика органдары қызметінің (ресми статистикалық ақпаратты жинау, өңдеу және тарату процестерінің) айқындылығы деңгейін арттыру; жиналатын деректердің сапасын арттыру және ресми статистикалық ақпараттың сапасын қамтамасыз ету; респонденттермен және пайдаланушылармен кері байланысты қамтамасыз ету; қайталанған көрсеткіштерді жинауға жол бермеу арқылы респонденттерге жүктемені азайту.

Заң жобасын талқылауға Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік атқарушы органдардың, саяси партиялардың және сарапшылық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.  

Статистика мәселелері туралы бойынша Заң жобасы депутат Әлия Сапарова жетекшілік ететін жұмыс тобында қаралатын болады. 

 

(74-63-01, суретті түсірген А. Дүйсенбаев. Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі