Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
05.02.2018

Мәжілісте валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы Заң жобасы таныстырылды


Астана, 5 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжілісте «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Заң жобасы ілеспе түзетулерімен таныстырылды.

                Отырыс Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті шеңберінде ұйымдастырылып, осы комитеттің төрайымы Гүлжан Қарақұсованың жетекшілік етуімен өтті.

Заң жобасы туралы баяндама жасаған Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары О. Смоляков жаңа заң жобасының негізгі мақсаты мен міндетіне, жобадағы негізгі өзгерістерге тоқталды.

Жаңа заң жобасының мақсаты - Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі және «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру жағдайында валюталық заңнамаға жоспарлы түрде өзгерістер енгізу.

Заң жобасының негізгі міндеті  - валюталық операциялардың статистикалық мониторингінің қамтылуын кеңейту және Қазақстан аумағындағы шетел валютасын есеп айырысуларда пайдалануды қысқарту болып табылады. Аталған нормаларды іске асыру валюталық операциялар туралы ақпараттың қамтылуын кеңейтуге, валюталық бақылау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте заң жобасында ырықтандырылған валюталық режим қағидаттарын сақтау көзделген.  

Жалпы Заң жобасы біріншіден, валюталық операцияларды статистикалық мониторингпен қамтуды, екіншіден, биржалық валюта нарығындағы операцияларға бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың қолжетімділігін кеңейтуді, үшіншіден, қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді ескере отырып, республика аумағында валюталық құндылықтардың айналыста болу мәселелерін және резиденттер арасында рұқсат етілген валюталық операциялар тізбесін нақтылау  сияқты міндеттерді шешуге бағытталған.

Іс-шараға мемлекеттік органдар, Ұлттық Банк, қаржыгерлер қауымдастығы және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01, суретті түсірген Сайлау Майлыбаев). 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі