Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.02.2018

Депутаттар білім саласындағы күрделенген мәселелерді талқылады


Астана, 26 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның тақырыбы - «Орта білім берудің өзекті мәселелері». Комитет төрайымы Гүлнар Иксанованың жетекшілігімен өткен дөңгелек үстелге Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Білім және ғылым вице-министрлері А. Аймағамбетов және Б. Асылова, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, орта, жоғары білім беру ұйымдарының басшылары, ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңестерінің және байланыс операторларының өкілдері қатысты.

Орта білім беру жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша баяндама жасаған депутат Н. Жұмаділдаева жаңартылған мазмұнды енгізу процесі 2016 жылдан бері белсенді түрде басталғанына тоқталып, мектептердегі материалдық базаның, пәндік бөлмелердің, зертханалық жабдықтардың, интернеттің және т.б болмауы, сондай-ақ, оқу құралдарындағы енгізіліп жатқан жаңа әдіс-тәсілдер мен оқу құралдары айналысындағы шешілмеген мәселелерді қозғады. Сонымен қатар, депутат  кадрларды қайта даярлау, мұғалімдердің бюджет қаражаты есебінен 50% біліктілікті арттыру курстарынан өткенімен  олардың сапасына қатысты кемшіліктерге және орта білім беру саласындағы бірқатар өзекті проблемаларға тоқталды. 

Сондай-ақ, отырыста Мәжіліс депутаты Б.Тілеухан оқушыларға артылған жүктеме ауыр екенін айтып, балалардың уақытының көп бөлігі мектепте өтетіндігін айтты. 

-               Балалардың жағдайы өте қиын, жүктеме өте ауыр. Бүкіл назарды басқа жаққа аударып отырсыздар, кері шауып кетіп бара жатырсыздар. Баламыздың миы ашып кетті деп жұрт бізден талап етіп отыр. Бұрындары таңертең 8-де кетіп күндіз 1-де қайтып келетін, малды да жайғап, ойнайтын, бәрін істейтін. Қазір ойнамайды, білім алып жарытпайды. 7 ай кеміріп жатыр, кеміріп жатыр, әлі әліппені толық өткен жоқ», - деп Б. Тілеухан Білім және ғылым министрлігінің басшыларына оқушылар мен ата-аналардың наразылығын жеткізді.

Өз кезегінде депутаттар мектептердегі бағдарламалардың күрделілігі мен орта білім саласына қатысты біршама сұрақтары мен ұсыныстарын жасап, педагогтардың еңбекақысын төлеу, орта білім беруді жан басына шаққандағы қаржыландыру мен білім беру ұйымдарын ақпараттандыру, педагогика кадрларын даярлау, мектеп түлектерін қорытынды аттестаттау және бірыңғай ұлттық тестілеуді жүргізу және т.б мәселелерді қарады.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданды

 (74-63-01, Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі