Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
28.02.2018

Н. Нығматулин: шетелге шыққанда жеке туристер өз проблемаларымен өздері ғана қалмауы керек.


Астана, 28 ақпан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата бірқатар жаңа заңнамалық актілерді бекітті.

Осы ретте Мәжіліс депутаттары сақтандыру және сақтандыру қызметі бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.      

Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар шетелге шығатын кездегі туристі сақтандыру мәселесіне аса назар аударды. Халық қалаулыларының пікірінше, шетелге шыққанда туристер өз проблемаларымен өздері ғана қалмауы керек.

Осыған орай Мәжіліс Төрағасы:

Біздің көптеген азаматтарымыз  қазіргі уақытта өз демалыстарын туристік   жолдама бойынша шетелде   өткізеді. Әрине, ол жақта жүрген кезде  әртүрлі жағдайлар болуы мүмкін. Ауырып қалады немесе ұшаққа байланысты басқа да жағдайлар орын алуы мүмкін.

Бірақ та, ең бастысы  -  туристік жолдама бойынша шетелде жүрген азаматтарымызды осы кезеңде толықтай сақтандыру қажет.

Сондықтан, осы мәселені екінші оқылымға дейін қарауымыз қажет,-деді.

Қолданыстағы заң негізінен туристің емес, туроператор мен турагенттің мүліктік мүдделерін қорғауға бағытталған болатын. Ендігі жерде, осы заң жобасына сәйкес, қазақстандық туристерді қорғау мақсатында  туристік фирмалар шетелге шығатын туристі міндетті сақтандыруды жүзеге асыру көзделіп отыр.   

Осы Заң жобасында ерікті сақтандыру жүйесінде ерікті, міндетті сақтандыру бойынша, сондай-ақ сақтандыру нарығының инфрақұрылымын дамыту бойынша сақтандыру ұйымдарының қызметін регламенттейтін заңнамалық актілерін кешенді түрде қайта қарауды көздейді. Атап айтқанда, міндетті сақтандыру жүйесінде онлайн-сақтандыру тетігін енгізу, сақтандыру шарттарын заңмен емес, тараптардың келісімімен айқындау, туристердің тәуекелдерін сақтандыру жүйесін қайта қарау, сондай-ақ сақтандыру агенттері қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, ерікті сақтандыру жүйесінде зейнетақы аннуитеттік сақтандыруды одан әрі дамыту көзделсе, сақтандыру нарығының инфрақұрылымын дамыту жүйесінде сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру тетігін жетілдіру, сақтандыру омбудсманының қызмет аясын кеңейту, сақтандыру шарттары бойынша эталондық дерекқорды қалыптастыру, актуарлық қызметті дамыту ұсынылады.

 

Сондай-ақ, бүгінгі отырыста меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы мынадай мәселелерді кешенді шешуге бағытталған. Банктік қарыз берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есепке жатқызғаны үшін комиссия алуға тыйым салуды ұсынылады.

Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес және жылжымайтын мүлік кепілімен қамтамасыз етілген ипотекалық қарыз шарттары бойынша мерзімді өткізіп алғанға 180 күн өткеннен кейін есепке жатқызылған сыйақыны алуға тыйым салуды белгілеу қарастырылады.

Арнайы шоттар болған кезде балаларды күтіп-бағуға арналған алименттік төлемдерге өндіріп алуды қолдануға иммунитет белгілеу.

Мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүліктің құнына тең бағамен өтем жасау негіздерін біріздендіру.

Заң жобасында мемлекет мұқтажы үшін алып қойылатын мүліктің құнына өтем жасау үшін тең бағамен өтеудің шарттарын жасау арқылы бірыңғай негіздерді белгілеу, атап айтқанда: жер учаскесін алып қою кезінде өтеу мөлшері мүліктің нарықтық құны бойынша айқындау; мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою кезінде өзге жер учаскесін беру жолымен «заттай өтеу» (құнды өтеу баламасы) мүмкіндігі ұсынылады.

Сотталған адамның мүлкін арнайы (заттай) тәркілеу институтын іске асыру мәселелері де қаралды.

Жалпы отырыста депутаттар кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру, сонымен бірге, халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қоны мәселелеріне түзетулерге арналған заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.

 Пленарлық отырыстың соңында депутаттар орталық мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар депутаттық сауалдар жасады. Олар Б.Дюсембинов, А.Смағұлов, Ш.Өтемісов, А.Қоңыров, В.Қайназаров.

 

***

Бүгін Палатаның жалпы отырысында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Наталья Годунованың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Қаулы қабылданды.

 

 (74-63-01, Мәжілістің баспасөз қызметі, суретті түсірген Ж.Құспанов)

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі