07.11.2019

Мәжілісмендер Ақтауда көшпелі отырыс өткізді


Нұр-Сұлтан, 7 қараша, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысы Ақтау қаласында көшпелі отырыс өткізді.

Тақырыбы - «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының арсеналдарында, базаларында және қоймаларында сақтаудағы қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету және Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру мен жайластыру бағдарламасын іске асыру мәселелері туралы».

Отырысты ашқан бейінді Комитет төрағасы Мұхтар Ерман аталған тақырыпта іс-шараны өткізу Арыстағы қайғылы оқиғаны есепке ала отырып, қоғамға деген маңыздылығын атап өтті.

Іссапар барысында депутаттар Қорғаныс Министрлігінің, Ұлттық Ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің базалары мен қоймаларында қару-жарақ, оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету сұрақтарын зерттеді.

Атап айтқанда, депутаттар Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінде қару жарақтар, әскери техникалардың және мүліктердің сақталуымен және жұмылдыру қорының нысаны болып табылатын арнайы медициналық қамтамасыз ету базасымен танысты. Сонымен қатар, Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру мен жайластыру бағдарламасының аралық қорытындылары белгіленді.

Іс-шара аясында Мәжіліс депутаттары Ирина Аронова мен Құдайберген Ержан «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында азамматарды қабылдау өткізді.

Көшпелі отырысты қорытындылай келе, мәжілісмендер көтерілген өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстар мен пікірлер тиісті заңнамаларды жетілдіруде ескерілетінін айтты.

Отырыс жұмысына Мәжіліс депутаттары мен Қорғаныс Министрлігі, Ұлттық Ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар бойынша Комитеті, Бас әскери прокуратурасының және облыстық әкімшіліктің өкілдері қатысты.

(Ақпаратты Мәжілістің Баспасөз қызметі таратты. 74-63-04.).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі