14.05.2020

Н.Нығматулин: Мәжілістегі «Nur Otan» фракциясы Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарына ұсыныстар берді


Нұр-Сұлтан, 14 мамыр, Мәжіліс үйі. «Nur Otan» партиясының Мәжілістегі фракциясы Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарына бірқатар ұсыныстар жасады.Бұл туралы Мәжіліс Төрағасы, фракциясы жетекшісі Нұрлан Нығматулин мәлімдеді.

Отырыста нұротандық депутаттар қазіргі таңда Үкімет әзірлеп жатқан Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарына фракцияның ұсыныстарын талқылады.

- Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзі көпжақты да маңызды іс-қимыл бағдарламасы болып табылады. Енді барлық күш-жігерді ең алдымен дағдарыстың салдарын еңсеруге, ұлттық экономиканы қалпына келтіруге және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға жұмылдыру қажет.«Nur Otan» партиясының Мәжілістегі фракциясы, әрине, экономикалық өсу шараларын дайындауға және іске асыруға белсенді қатысады.Біздің басты міндетіміз - Президенттің бастамаларын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, - деді Нұрлан Нығматулин.

Ол үшін Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері «5-10-20» пилоттық жобасын заңды түрде қамтамасыз етуді қарастыруда.

Сонымен қатар фракцияның ұсыныстарының қатарында ауылшаруашылық өнімдерін, оның ішінде келісім-шарттық қаржыландыру тетігі арқылы кепілдендірілген сатып алу тәжірибесіне негізделген азық-түлікпен қамтамасыз ету бағдарламасын қалыптастыру да бар.

Депутаттар басымды салалардағы стратегиялық инвесторлардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қолданыстағы инвестициялық заңнамаға қажетті түзетулер енгізудің маңыздылығына назар аударды.

«Nur Otan» партиясының фракциясы азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша жеке зейнетақы кірістерінен міндетті зейнетақы жарналары мөлшерін 10% -дан 5%-ға дейін төмендетуді заңнамалық түрде қарастыруды, сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар тауарларға баға белгілеу тетігі бойынша нормативтік құқықтық актілердің сақталуын қамтамасыз етуді ұсынады.

Осы ұсыныстардың қатарында - заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге қатысты ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін банкроттық туралы іс жүргізуді тоқтата тұру үшін заңнамалық шаралар қабылдау, заңнамалық деңгейде банктік емес несиелік ұйымдардың микроқаржы қызметін міндетті лицензиялауды қамтамасыз ету бар.

Нұротандық-депутаттар туристік қызметті заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге, Жұмыспен қамтудың жол картасында жастардың жұмыс орындарын құруда басымдыққа мән беруге, эпидемиологтарды, инфекциялық аурулар бойынша мамандарды және вирусологтарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын арттыруға ерекше назар аударды.

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01, суретті түсірген Ж.Құспанов).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі