Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
08.01.2021

Мәжілісте гендерлік теңдік мәселелері талқыланды


Нұр-Сұлтан, 8 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева АҚШ Мемлекеттік департаментінің Жаһандық әйелдер мәселесі бойынша Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Келли Экельс Карримен онлайн кездесті.

Мәжілістің вице-спикері атап өткендей, еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап әйелдер құқығын нығайту бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді.

Қазіргі уақытта Мемлекет Басшысының Жарлығымен бекітілген 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылуда. Бұдан басқа, 2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қосылып, оның тармақтарының 80 пайыздан астамы республикалық стратегиялық мемлекеттік бағдарламаларға енгізілді.

2018 жылы елімізде «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты бірінші өңірлік конференция өтті. Оған Орталық Азия, Ауғанстан, Еуропалық Одақ және АҚШ елдерінің көрнекті өкілдері қатысты. Сонымен қатар Гүлмира Исимбаева америкалық тарапты екінші халықаралық форумды өткізуде аймақтық сипаттағы жобаларды қолдауға шақырды.

Кездесу барысында Қазақстан экономикасындағы әйелдер кәсіпкерлігінің рөлі атап өтілді. Вице-спикердің айтуынша, жұмыспен қамтылған халық арасындағы әйелдердің үлесі 49%-ды құрайды. Бұл ретте әйелдердің Қазақстанның ЖІӨ-не қосқан үлесі шамамен 39%-ды құрайды. Ал, шағын және орта бизнес секторында жеке кәсібі бар әйелдердің үлесі 42%-ды құрады.

Мемлекет Басшысының әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі бастамаларын заңнамалық қолдау туралы айтқан Мәжіліс вице-спикері Қазақстан Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер туралы заң қабылдағанын атап өтті.

Сонымен қатар, Гүлмира Исимбаева әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаның қатаңдатылғанына тоқталды. Атап айтқанда, әйелдер мен балаларға қатысты жыныстық қылмыстар қазір аса ауыр қылмыстар санатына ауыстырылды.

Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірлеген отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және отбасылық және гендерлік саясат мәселелері бойынша заң жобалары қоғамда кеңінен талқылануда.

Өз кезегінде АҚШ Мемлекеттік департаментінің Жаһандық әйелдер мәселесі бойынша Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Келли Экельс Карри Қазақстанның гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдерді елдің экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне кеңінен тарту саласында қабылдап жатқан шараларына жоғары баға берді.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген С. Майлыбаев).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі