Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
03.06.2021

Мәжіліс депутаттары шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлін талқылады


Нұр-Сұлтан, 3 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы шығармашылық одақтар мен қоғамдық ұйымдардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Бейнеконференция арқылы өткен жиынға Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов, облыстардың, астананың республикалық маңызы бар қалаларының жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ шығармашылық одақтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Жәмилә Нұрманбетова қоғамдық сананың жаңаруы қоғамды шоғырландыруға, шығармашылық интеллигенцияны, жастарды, халықтың барлық топтарының өкілдерін Елбасы жариялаған идеялардың айналасына біріктіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Шығармашылық одақтар туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов бүгінгі күні заңнамалық деңгейде шығармашылық одақтардың қызметін басқару мен реттеудің нақты тетіктері жоқтығын, тұрақты қаржылық қолдаудың пәрменді тетіктері дамымағандығына тоқталды.

Жауапты министрлік өкілінің айтуынша, шығармашылық одақтар іс жүзінде мемлекеттің стратегиялық серіктестері болуға және қоғамда мемлекет идеяларының көшбасшысы болуға тиіс. Алайда, өкінішке орай, бүгінгі таңда бұл одақтардың экономикалық тұрақтылығының, кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың болмауына байланысты, шығармашылық одақтардың бұл рөлі әлсіреді. Шын мәнінде, шығармашылық пен идеологияны ілгерілетудің орнына, одақтар қазіргі экономикалық жағдайда өмір сүруге мәжбүр.

Отырыс барысында қатысушылар ұлттың жаңа бейнесін қалыптастырудағы қоғамдық ұйымдардың рөлі мен халықтық көркем өнер мен әдебиет, сондай-ақ, Абай қорының қоғамдағы атқарған жұмыстары және қоғамдық қорларды біріктіру жөнінде және ұлттық болмысын қалыптастырудағы негізгі мәселелер туралы сөз сөйледі.

 Дөңгелек үстел жұмысының қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар қабылданды.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі