Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.03.2024

Мәжіліс азаматтардың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 6 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар кредит беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Ғылым мәселелері бойынша Салық кодексіне енгізілетін түзетулер мен «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы да бірінші оқылымнан өтті.

Кредит беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ түзетулер Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған халықтың қарыз жүктемесін азайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленгенін атап өтті.

 – Проблемалық қарыздары бар қазақстандықтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін несие өтемеген мерзімі 90 күннен асқан азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредит беруге тыйым салынады. Сонымен қатар қолданыстағы (өтелмеген) тұтынушылық несиелер бойынша 90 күннен асқан берешегі бар тұлғаларға сыйақы есептеуге тыйым салу көзделген. Бұл банктер мен микроқаржы ұйымдарына қатысты, – деді Үнзила Шапақ.

Сондай-ақ депутат банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың кредиттерін төлем мерзімі өткен кезден бастап 24 айдан соң және кредитор берешекті реттеу рәсімдерін жүргізгеннен кейін ғана коллекторлық агенттіктерге сатуға рұқсат берілетінін айтты. Бұл ретте жеке тұлғалардың сатып алынған кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу бойынша коллекторлардың тікелей міндеті енгізіледі.

Қарыз жүктемесінің шамадан тыс өсуін шектеу үшін заңнамалық тұрғыда тұтынушылық кредит деген ұғым енгізіледі. Бұл оның ең жоғары мәнін (банктер үшін – 5 млн теңге, МҚҰ үшін – 2 млн теңге) нормативтік деңгейде шектеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қазақстандықтардың кредит бойынша банкроттық рәсіміне қол жеткізу жеңілдетіледі.

 Үнзила Шапақ заң жобасында тек ипотекалық емес, азаматтардың барлық несиесі бойынша банк омбудсманының дауларды реттеу міндеті де енгізілгенін айтты. Атқарушылық іс жүргізу аясында кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салынады.

– Тағы бір бағыт – несие алаяқтықтарын азайту. Заң жобасына азаматтардың несие алудан өз еркімен бас тарту құқығы енгізіледі. Жеке тұлғалардың мұндай бас тартуы болған жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдарына оларға несие беруге тыйым салынады. Азаматтар өз еркімен бас тартқан кезеңде олардың атына кредит рәсімделген болса, кредиторлар ол берешекті есептен шығаруға міндетті болады, – деді Ү.Шапақ.

 Депутаттар кредит беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Заң жобасы бойынша талқылау одан әрі жұмыс тобында жалғасатын болады.

«Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер де бірінші оқылымда мақұлданды. Ол туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады. Министрдің айтуынша, негізгі заң жобасы ғылымды басқару моделін жетілдіруге, Ғылым қорының қызметін реттеуге және Ұлттық Ғылым академиясының құқықтық мәртебесін айқындауға бағытталған.

– Коммерциялық емес ұйым – жоғары ғылыми ұйым нысанындағы Академияның жаңа мәртебесі айқындалды. Сондай-ақ бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстары бойынша ғылыми-техникалық тапсырмаларға сараптама жүргізу, ғылымды дамытудың басым бағыттарын талдау жөніндегі функцияларын кеңейту ұсынылады. Бизнес-акселерацияны, технологиялық бизнес-инкубациялауды, технологиялық брокерлікті іске асыруға жәрдемдесу, венчурлік қаржыландыру тетіктері мен инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі «Ғылым қоры» АҚ функционалын күшейту жөнінде жеке бап әзірленді, – деді С.Нұрбек.

Баяндаманы тыңдаған депутаттар заң жобасының әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстарына тоқталды. Атап айтқанда, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин жаңа заңда қаржыны бөлуде ашықтық қарастырылмағанын, артық бюрократия мәселесі шешілмегенін атап өтті. Құжатқа қатысты басқа да мәселелер бар. Оның негізгісі – заң жобасының жаңа тұжырымдамалық нормаларды қамтымай, қолданыстағы екі тиісті заңды біріктіруінде.

Депутаттар бастамасымен әзірленген ғылым мәселелері бойынша Салық кодексіне енгізілетін түзетулер туралы заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов жоба салықтық преференциялар беру арқылы ғылымның дамуын ынталандыруға бағытталғанын айтты.

Зерттеу университеттерінің жанынан ғылыми орталықтар ашуға және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге жұмсалған қаражаттың 100 пайызын салықтық шегерімге жатқызу ұсынылған.

– Жеке компанияларға салық салынатын соманы абаттандыру жұмыстарына жұмсалған шығындар сомасының 50 пайызға азайту ұсынылады. Яғни, кәсіпкерлер, ғылыми ұйымдар немесе жоғары оқу орындары өздерінің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізсе, салық салынатын кірісті анықтау кезінде бұл шығындардың жартысы шегеріледі, - деді Асхат Аймағамбетов.

Салық преференцияларының тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету тетіктері де қарастырылады.

Мәжіліс Сенаттың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына енгізген түзетулермен келісті.

Сенат енгізген түзетулер нақтылау сипатында, Мәжіліс қабылдаған заңның тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Атап айтқанда, олар пайдалы қазбаларды өндіру салығын есептеу мақсатымен қатты пайдалы қазбаларды өндіру кезіндегі ысыраптарды есепке алуға, ішкі істер органдарының қызметкерлерін қызметтік куәліктері болмаған жағдайда тексеруге жібермеуге және басқа да нормаларға қатысты.

Бұдан бөлек жалпы отырыста «АМАNАТ» партиясы фракциясының атынан Нұрсұлтан Байтілесов Мәжіліс депутаттарының қатарына қосылды. Ол бүгін ант беріп, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамына сайланды.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 15 депутаттық сауал жолдады. Олардың Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суреттер Ж.Жұмабеков, Т.Таныбаев.

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі