Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
18.03.2024

Мәжіліс адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң жобасын қарайды


Астана, 18 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Депутаттардың талқылауына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 13 сәуірдегі «Адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру үшін әзірленген «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» үкіметтік заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Осы заңға ілеспе заң жобалары «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы», Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, сондай-ақ «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заңға түзетулер енгізілетін болады. 

Атап айтқанда, Қылмыстық кодекс шеңберінде адам саудасының анықтамасы кеңейтіліп, кәмелетке толмағандардың жыныстық қызметтерін пайдалану қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістермен медициналық ұйымдар мен ұйымдардың лауазымды адамдарының жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы хабарламағаны үшін жауапкершілік көзделеді.

Алдағы жалпы отырыста депутаттар әзірлеген кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заң жобасы енгізіледі. Ол азаматтардың борыштық жүктемесін төмендету үшін жағдай жасауға және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға бағытталған. Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында Үкімет депутаттардың түзетулерін қолдады.

Оның ішінде банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті көлемін айқындау, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жеке тұлғаның банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша құқықтарды коллекторлық агенттікке (талаптарға) беруге 2026 жылға дейін мораторий енгізу, банк омбудсманына тек банктік несиелер бойынша дауларды қарау жөніндегі өкілеттіктерді бекіту және микроқаржы омбудсманы институтын енгізу.

Мәжілістің күн тәртібінде 1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы, сондай-ақ денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасына Сенаттың түзетулері бар.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген – Т.Таныбаев


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі