Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
29.03.2024

Мәжіліс мемлекеттік сатып алу және жылу энергетикасы туралы заң жобаларын қарайды


Астана, 29 наурыз, Мәжіліс үйі. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Бірінші оқылымда депутаттардың қарауына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі тапсырмасы бойынша әзірленген «Мемлекеттік сатып алу туралы» үкіметтік заң жобасын қарау ұсынылады.

Жаңа заң жобасында мердігерлерге, әсіресе құрылысқа байланысты жұмыстар бойынша қоғамдық мониторинг енгізу көзделген. Осыған орай мемлекеттік сатып алу веб-порталында олардың орындалуы жөніндегі есептерді растай отырып (оның ішінде фото-, бейнетіркеуді пайдалану), жұмыстарды орындау кестелерін жалпы қолжетімді етіп орналастыру, сондай-ақ қоғамдық бақылау субъектілерінің мемлекеттік сатып алу шарттарының орындалуы бойынша мониторингті жүзеге асыруы ұсынылады.

Отандық өндірушілерді қолдау мақсатымен сатып алу шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасында жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін енгізу ұсынылады. Бұдан басқа, ақпараттық жүйелердің деректері мен мәліметтері негізінде веб-портал қалыптастыратын әлеуетті өнім берушілердің рейтингі енгізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мерзімін 2 айдан 1 айға дейін қысқарту, бір көзден алу тәсілімен сатып алу үшін негіздер санын оңтайландыру көзделеді.

Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына бірінші оқылымда Үкімет әзірлеген «Жылу энергетикасы туралы» және оған ілеспе түзетулері бар заң жобалар енгізілді. Олар жылу энергетикасы саласын реттеу және оның сенімді және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін экономикалық және құқықтық негіздерді белгілейді. Бағаларды (тарифтерді), жылу энергиясы мен жылу тасымалдағыштарды міндетті есепке алу жөніндегі нормаларды, сондай-ақ энергия үнемдеуге және энергия тиімділігін арттыруға қойылатын талаптарды мемлекеттік реттеу енгізіледі.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген – Ж. Жумабеков.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі