Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
09.02.2012

Үкімет өзі ұсынған заң жобаларына өзі жауапты болып, олармен жұмысты өзі жүргізуі керек


Үкімет өзі ұсынған заң жобаларына өзі жауапты болып, олармен жұмысты өзі жүргізуі керек

 

Астана, Мәжіліс үйі. 9 ақпан. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігінде өткен  кешегі Палатаның  жалпы отырысында   депутат Ерген Дошаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал   жолдады.

«Өзіңізге мәлім, Еліміз Конституциясының 61-бабына сәйкес Үкімет заң шығару бастамасы құқығының үш субьектісінің бірі болып табылады. Сондықтан оған аса зор жауапкершілік жүктелген. Алайда, атқарушы билік бұл жауапкершілікті толық сезініп отыр деп айту қиын. Заң жобалары мен ратификацияланатын халықаралық құжаттарға қатысты проблеманың ондаған жылдар бойы шешімін таппауы осы сөзімізге негіз бола алады. Әріге бармай-ақ өткен, ІҮ сессияны алайық.

                Өткен сессия ішінде Үкіметтен Парламент Мәжілісіне барлығы 568  заң жобасы келіп түскен еді. Олардың қазақ және орыс тіліндегі мәтіндерінің тең түпнұсқалы болмауынан ғана 140 заң жобасы Үкіметке кері қайтарылды. Сонда мемлекеттік тілде дұрыс дайындалмауының салдарынан әрбір төртінші заң жобасы қайтарылған болып шығады. Ал жаңа ашылып отырған осы сессияға келіп түскен небары 2 заң жобасының 1-еуі тағы да кері қайтарылды. 

Үкіметке қайтарылған заң жобаларын қайта пысықтап шығуға аз уақыт кетпейтіні белгілі. Соның салдарынан Үкіметтің заң жобаларын Мәжіліске енгізу жоспары уақтысында орындалмай, ол Мәжілістің жұмыс ырғағының бұзылуына, заң жобаларының жүру процесінде іркілістердің пайда болуына әкеліп соғады. Бұл, өз кезегінде, заңның сапасына салқынын тигізбей қоймайды. Бұған қоса қайтарылған заң жобаларының кемшіліктерін түзеп, жөндеуге күш пен қаржы да аз жұмсалмасы белгілі. 

Мәжілістің өткен, ІҮ сайланымында депутаттардың осы мәселеге бірнеше рет айналып соғып отыруына тура келді. Сондағы бір   көзіміз жеткені, бұл күрделі мәселені түпкілікті шешудің жолы -  Премьер-Министр Кеңсесінен осы жұмыспен шұғылданатын құрылым ашып, оны білікті мамандармен жасақтау. Премьер өзі қол қоятын заң жобасының сапасын, ең дұрысы, өз Кеңсесіне тексертіп алғаны. Әңгіме Еліміздің барлық азаматтары сөзсіз бағынып, мүлтіксіз орындауға тиісті Заңның сапасы туралы болып отырғанда Үкімет күш пен қаржыны аямауға тиіс. Сондықтан жеткілікті адам санымен (15-20 адам) бір құрылымдық бөлімше жасақтап, Үкіметтің бас ауруына айналған осы мәселеге нүкте қоятын кез келді. 

Ал атқарушы билік тарапынан сөз болып, бірақ аяқсыз қалған    Ведомствоаралық комиссия да, қазір жұмыс істеуге кіріскен Лингвистикалық орталық та бұл міндетті атқара алмасы анық.   

Міне, сондықтан Үкімет заң шығару бастамасы құқығымен ұсынатын өз заң жобалары мен ратификацияланатын халықаралық шарттарға өзі жауапты болып, олармен жұмысты тек өзі жүргізуі керек. Мәселенің тап осындай жолмен шешілуге тиіс екенін айтып жатудың өзі артық. Ендеше, бұл мәселені ендігі жерде сөзбұйдаға сала бермей, нақты шешім қабылдау қажет. Оған Үкіметтің құзыреті де, шамасы да жетеді.

Депутаттық сауалға «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі» туралы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жазбаша жауап беруіңізді өтінемін»,- дейді депутат.

 

 

 

(Сәуле Досжанова, т.74-63-01. Суретті түсірген  Сайлау Майлыбаев (SauleD@parlam.kz` Ақпаратты ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының  Баспасөз қызметі таратып отыр.)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі