Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
02.11.2017

Мәжіліс кедендік реттеу туралы Кодекс жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 2 қараша, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс кеше жалпы отырыстың күн тәртібінде бекітілген мәселелерді қарауды одан әрі жалғастыра отырып, кедендік реттеу туралы Кодекс жобасын және оған ілеспе Заң жобасын бірінші оқылымда ілеспе түзетулерімен мақұлдады.

Кодекс жобасы тауарларды кедендік аумаққа әкелуге (әкетуге), кедендік декларациялауға және тауарлар шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасаған кезде «бірыңғай терезе» тетігін пайдалануға; кеден органдарының ақпараттық жүйелерімен автоматты түрде кедендік декларацияны тіркеуге және тауарлар шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасау мүмкіндігіне; электрондық кедендік декларациялаудың басымдығына және жазбаша декларациялауды белгілі бір жағдайларда ғана қолдануға; уәкілетті экономикалық оператор мәртебесі берілуі мүмкін заңды тұлғалардың санаттарын ұлғайтуға бағытталған.

Ал ілеспе түзетулерде Қазақстан Республикасының 25 заңнамалық актісіне, оның ішінде 6 кодекске және 19 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылған.

Сонымен қатар жалпы отырыста «Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартты ратификациялау туралы» Заң жобасы депутаттардың қолдауына ие болды. Аталған жоба тауарларды қатысушы елдердің кедендік аумағына (кедендік аумағынан) әкелуге (әкетуге), кедендік декларациялауға және тауарлар шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасаған кезде «бірыңғай терезе» тетігін пайдалану; электрондық кедендік декларациялаудың басымдығы; кедендік декларация тіркелген кезден бастап төрт сағат ішінде тауарлар шығаруды жүзеге асыру; кеден органдарының ақпараттық жүйелерімен автомат түрде кедендік декларацияны тіркеуге және тауарлар шығаруға байланысты кедендік операцияларды жасау мүмкіндігі сияқты басым бағыттарды енгізіп отыр.

Сондай-ақ, бүгін Мәжіліс депутаттары конституциялық заңдарға  түзетулерге қатысты Заң жобасын жұмысқа алды.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары Т.Сыздықов, Ж.Ахметбеков, М.Магеррамов, А.Қоңыров, С.Әбдірахманов, Б.Мамраев, С.Имашева депутаттық сауалдар жолдады..

(Ақпаратты Парламент Мәжілісінің Баспасөз қызметі таратты, 74-63-01, суретті түсірген Ж. Құспанов).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі